Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  96


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қаншама жан білмеймін көз қадады...

Қаншама жан білмеймін көз қадады,
Болмағандай қас қағым өз баламы, –
Көлеңкесі секілді сары шалдың,
Сидаң қамыс ебдейсіз қозғалады.
Дайындыққа көшкенмен белдескелі,
(Болбыр бала, бола ма сенде ес, тегі?!)
Қарашаның қараған қабағына,
Қырат қуып қытымыр жел де еспеді.
Бірін-бірі аңдыған тірлік, мына,
Болар-болмас қылықпен сырды ұқтыра:
«Болмысыңа болайын, – деп тұрғандай, –
Болашаққа апарар бірлік – мұра».
Бұзбаған бір келідей келтек кейпін,
Бала кезім ондайға селт етпейтін.
Өзім жұмбақ секілді ем, көрші үйдегі,
Жеңгем ғана зиянсыз тентек дейтін...
«...Жағалауға бас ұрған толқын майда,
Сидаң қамыс... сары шал... сол күн қайда» –
десем де мен, тістеніп, тіл қатпайсың,
Бүгіп бəрін бүйрегің солқылдай ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу