Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  128


Автор: Аманхан Əлімұлы

Былтырғы қыс

Қатқыл тиіп денеге тұрғаныңды,
Арқау ете алсам мен жырға мұңды, –
Алдыменен аяусыз айыптар ем,
Табаныма төсеген сырғағыңды.
Қара суық, ашылмай қас-қабағың,
Қанша көңіл-көктемді жасқамадың, –
Сұп-сұр болып сұрықсыз қорғасын көк,
Басып тұрып еңсесін астананың?!
Сап-сап, көңіл, сабаңа түс, қарағым,
Қамдап жатыр дегендей қыс жарағын, –
Күн де қонды түтігіп ұясына,
Өткендей бір жүзінен ұстараның.
Қараңғылық қартадай қатпарланып,
Құпиясын ашуға жатты арланып.
Тіміскі жел тінтіген ара-арасын,
Əлденеден шулады бақтар налып.
Салқын нұрын төгеді айналаға, –
(Көтерілмей қам көңіл жайлана ма?)
Бунақ-бунақ бұлтқа батып-шығып,
Бара жатқан кемедей Ай да ана.
Қатқыл тиіп денеге тұрғаныңды,
Арқау ете алсам мен жырға мұңды, –
Алдыменен аяусыз айыптар ем,
Табаныма төсеген сырғағыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу