Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  125


Автор: Аманхан Əлімұлы

Түнгі желмен сырласу

Күн қақты өңім тұр сынып,
Жастықтың қаққан көшесін, –
Түнгі жел не деп күрсініп,
Түнгі жел не деп есесің.
Немедей қашқан түрмеден,
Өзіңе-өзің жаусың ба? –
Аяулық шоғын үрлеген,
Бір түрлі мұң бар даусыңда.
Тұрмайтын қолды-аяққа,
Ұшпасың сұмдық, сезгенім,
Ақынын тағдыр аяп па,
Дəл сендей мен де кезбемін.
Қақпаған бетін еш пенде,
Бір кезде жақсы бала едім.
Мұңлылау күйді кешкенде,
Табатын, ой-хой, дала емін.
О, тірлік, тірлік шатақ, ə!
Жастық та өтті шоқ басты.
Ертелеу өткен атама,
Қоя алмай жүрмін көк тасты.
Өң түгіл кірер түсіме,
Тар көше, сосын тас қала.
Ауылбай кейбір ісіме,
Күледі қайбір жас бала.
Өткесін жанды сезім жей,
Жаратқан жазған кезеңнен, –
Басымда түбі өзіңдей,
Күрсінер желді сезем мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу