Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  126


Автор: Аманхан Əлімұлы

Табиғат

Үшінші күн көк нөсер тиылмастан,
Өтіп жатыр бір мезгіл қиын бастан.
Қаптап кетті қаран су айналаны,
Неге жерге соншама түйілді аспан?..
Танытады көпшілік нала қалып,
Бір ойранды сеземін салады анық, –
Көше көлге айналып бара жатыр,
Кетпесе екен ақыры қаланы алып.
Астан-кестен боп кетіп қас қағымда,
Ей, табиғат мысыңмен басқаның ба?, –
Тоқтата алмай көзінің жасын, əне,
Ағыл-тегіл жылап тұр аспаның да.
Дегенменен қаншама сабыр сақта,
Құлақ жеген ұласып тағы ырғаққа, 
Кеңсай тұстан күркіреп бір үн қашты,
Күрсінгендей өлілер қабір жақта.
Аумастан бір кезекті сынақты істен,
Алатаудан құлаған бұлақ күшпен, –
Су тасқыны барады алып қашып,
Қақпақылдай еменді құлап түскен.
Тірлік жоқтай көрініп жалғасынға,
Айран-асыр күй меңдеп алғасын ба?, –
Бұрын мұндай көрмеген қияметті,
Мысық отыр үрпиіп тал басында.
Қарамастан көңілге сасқан дескен,
Етіп алып тірлікті астан-кестен, –
Жатарсың-ау,табиғат, əлі-ақ мүлгіп,
Шығып естен мына күй бастан кешкен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу