Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  108


Автор: Аманхан Əлімұлы

Аудандық қонақ үйінде...

Аудандық қонақ үйінде,
Дем алып жатқан жайым бар.
Көңілсіз менің күйім бе,
Шулайды сыртта қайыңдар.
Шулайды, əлем тарылып,
Тығылды келіп əйнекке.
Дарбыздай бұлт жарылып,
Ойнайды жасыл жай көкте.
Астан да – кестен дүние,
Жайым жоқ тұрар қасқайып.
Сезімге мендік кім ие,
Көз нұрын кетті жас шайып.
Көзімді алмай əйнектен,
Қараймын келіп тесіліп.
Бұл көктем, айтшы, қай көктем,
Құйындай соққан көсіліп.
Көңілсіз менің кезімдей,
Шулайды сыртта қайыңдар.
О, көктем тірлік көзіндей,
Бүлініп тұрған жайың бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу