Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  123


Автор: Назира Бердалы

Тап-тазамыз енді екеуміз...

Тап-тазамыз енді екеуміз.
Жыладық та, күнәмізден жуылдық.
Жуылдық та, Меккемен тең
мекенінен сезімнің
Мәңгілікке қуылдық.
Көзімізге әйнек тағып,
Өзімізден тығылдық.
Күнге қарап жүгіріп ек,
Кімге қарап жығылдық?
Түн – арымыз, алдымызға кеп бас ұратын,
Түн – шымылдық, сәтсіз күнімізді жасыратын.
Жұлдыздар менің қолымда емес.
Жаға алмайм тіпті көшенің шамын – бағанын
Көзіме тұнған түнді қуып шығам деп,
Қайта-қайта кірпіктерімді қағамын.
Мен үнсізбін, түн – жүрексіз, сен – кереңсің!
Жақындап қалған көктемнің иісінен
Алыстаған қадамыңның дыбыстарын бағамын.
Осы сәуле жолыңа нұр төксін деп,
Тәңірім мейірімнен жыр төксін деп,
Мен – әйелмін,
Сен – еркексің деп,
Жанымның қырық шырағын жағып бітіп,
Бүгін қырық біріншісін жағамын.
Қараумен қалтыраған шырағданға,
Осылайша ойларым алау жұтады.
Мен білемін өлгенімді сезіміммен қоса,
Сонда да көктемді күткен көңілім
Алабұртады.
Табалдырығымда
Түннің ғана сұлбасы қарауытады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу