Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  427


Автор: Жүрсін Ерман

Ақынның жары

Түндердің енді серпі қанатын,
Күн келді демді еркін алатын.
«Келеді қайтып өлеңін айтып»
Соғыстан тапқан дерті бар ақын.
Тізгіні қолға тиген сәт енді,
Сабаға түспек үйленсе әпенді.
Сабылып іздеп,
Сабырсыз жүрек,
Сағынып құшты сүйген Сәпенді.
Мойнына жар боп келіп асылды,
Көңілдің шемен шері басылды
Сәпен сұлу да серігім деді
Сұр шинель киген сері Қасымды.
Шерлі болмасаң, шерді ұғасың ба,
Еркелесең де, ерді басынба.
Серінің серттей сөзіне сеніп
Тағдырын Сәпен берді Қасымға:
– Айналсын, – деді; – сертіңе сертім,
Дертіңді менің дертім етермін.
Әніңді сенің айтып өтермін,
Күйіңді сенің шертіп өтермін.
Бір ғана сөзді сұрасып алмақпын:
Шын сүйсең – сертте тұрасың, ардақтым.
Пейілін маған нәсіп ете гөр
Айшаны сүйген Расул Аллаһтың!
Жүр екен жүрек тек іштен жүдеп,
Таптым-ау жебер періштемді деп,
Сәпен сұраған сол ауыр сертке
Сеніскен жүрек
келісті елжіреп.
– Дауасыз жалғыз себепке айналып,
Тек ажал бізді бөлектей ме анық?
Садағаң болсын Сәпенің онда,
Өтейін сені бөбектей бағып!
Қуантып көзін көрікті Ай, Күні,
Қалар деп шошып сөніп қай күні,
Қасымның жары қасында жүрді
Бөліп бақытты, бөліп қайғыны.
Көрсетпей көзден шық құлағанын,
Уын да бірге жұтты қаланың.
Қасыммен бірге жадырап күліп,
Қасыммен бірге шытты қабағын.
Торғын деп киіп ескі көйлекті,
Қасыммен бірге кешті бейнетті.
Тарпаңдау ақын тарыққан жардың
Кейіген сөзін естімей кетті.
«Қамығып келсем – күліп тұрасың,
Дертімнің барын ұмыттырасың».
Өлеңнің отын лаулатып жағып,
Жаураған жарын жылытты Қасым.
Азайды дерті, басылды мұңы,
Көңілдің жайнап ашылды гүлі.
Сақыпжамалы – Қасымның жары,
Қасымның айы, Қасымның күні.
Жарының көзі – сезім айнасы,
Жалт ете қалған кезін ойлашы.
Қасымның жары – өзі Лаурасы,
Қасымның жары – өзі Ләйласы.
Деген жоқ дертке басым байланды,
Ақынды көрді досындай мәңгі.
Зәредей селкеу арада қалмай,
Сәпеннің өзі Қасымға айналды.
Ақылын құяр арна табылды,
Үйінде жұмақ орната білді.
Махаббатының шырағын жағып
Тәңірге емес, жарға табынды.
Сөзбенен сомдап таза сымбатын
Жүрекке мәңгі жазасың ба атын.
Ақылман әйел – ақынның бағы
Ақынның соры – мазасыз қатын.
Желіксе ақын – жері көтерер,
Желікпен жырдың жерігі өтелер.
Тәңірім, барлық ақынға сондай
Айнымас жарды серік ете гөр!
Қосылып үні егіз бұлақтың
Жемісін халал жегізді бақтың.
Сегіз жыл бірге дәурен кешірді
Салтанатындай сегіз жұмақтың.
Өбектеп дертін, жарасын емдеді,
Алдырды қолға анасын елдегі.
Отқа да түсті пәруана жары,
Ажалға бірақ шамасы келмеді.
Өлеңін жазып хатындай мәңгі
Қасымы өлмес ақынға айналды.
Шарасы қайсы, шырағы сөніп,
Хош айтар сәті жақындай қалды.
Елестет көзге Қасым ажалын,
Суалтты сырқат асыл ажарын.
Өмірден өтер сағаты жетіп,
Шақырды Қасым қасына жарын.
Қалтқысыз сүйген қыз есінде еді,
«Жастығымды өзі түзесін» деді.
Сылқ ете қалды Қасымның басы
Сақыпжамалдың тізесіндегі.
Өмір таусылды. Сайран басылды.
Ажал кеп алды қайран Қасымды.
Ұйықтап кетті Айша анамыздың
Тізесіндегі Пайғамбар сынды.
Сөзінен сыпсың шошымай елдің,
Келеді мен де осылай өлгім.
Пейіште нұрын шалқытсын Алла
Ақынды сүйген асыл әйелдің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу