Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  100


Автор: Сабыр Адай

Жанған отқа құмарсың

Отқа түскен көбелектей қалбақтап,
Тірлік құнын кімдер жатыр салмақтап.
Көр ішінде саудырайды көп сүйек
Езуінде бір тістеулі бармақ қап.
Өңкей солғын
Өңі қашқан сүреңсіз
Көзбен көріп, сөзден жеріп жүдерсіз.
Серке күннің сақалынан ұстап ап
Сүңкін көріп, бір түн келіп күлерсіз.
Күліп-күліп
Сілең қатып құларсың.
Таң оятса тағы жылап тұрарсың.
Ей адамзат өз-өзіңе қастанды
Көбелексің, жанған отқа құмарсың.
* * *
Қу жалғанның бар тəттісі сенімде.
Жанға медет жатсаң да сол кебінде.
Бірін Құдай артық берген бақ деп ұқ,
Жақсы жігіт болса екеу еліңде.
Жақсы жан да алтын сынды қымбат тым.
Құнын білер Құдай ғана бұл бақтың.
Жаман менен күнде жолдас болғанша
Жақсы менен жалғыз рет сырласқын.
Жақсы жанның лебі қандай жып-жылы.
Жанарында жалғаншының шындығы.
Жақсы жанның жан құрғатпас маңайын –
Бар бақыттың сол секілді кіндігі.
* * *
Сасыққурай ол да қурай дегенмен,
Сапқа тұрып көппен бірге көгерген.
Өзін-өзі гүлден артық көреді,
Дəл осыған бəс тігіп-ақ сенем мен.
Сасықтығын білсе-білер басқалар.
Сасыққурай сенен қашып, сақтанар.
Өзін-өзі өзгелерден көп сүйіп,
Аз өмірде айтса сенбес бақ табар.
Жігер керек, көкірекке от керек.
Отсыз болсаң саған өмір жоқ демек.
Сасыққурай сасып-ақ тұр қайтесің
Өз-өзіне патша көңіл тоқ демек.
Ғазиз басың сенен тапсын құрмет.
Жер бесігің, ортақ анау ұлы көк.
Қой болғанша еріккеннің ермегі,
Көкбөрі бол, көкке қарап ұлып өт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу