Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  269


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жайсаңдар кетті

Өзбекəлі аға дүние салғанда...
Маңдайына біткен халқымның
дара тұлға едің, жан аға.
Сөнгендей көкте алтын Күн,
түнерді бүгін дала да.
Жайсаңдар кетті. Кім қалды?
Сəуле себуші ең санаға.
Сұңқардай сұлу тұлғаңды
сұм ажал алып бара ма?
Сүйсінсең, жүзің нұрланып,
жалғандық сезсең, шарт сындың.
Өнерлі болса, тұлға ғып,
жас балаға да бас бұрдың.
Жарамсақтарды жасқадың,
шындықты айтудан қашпадың.
Қандай сайларда жүрсең де,
биіктерге елді бастадың.
Қарттардың көзі бұлдырап,
бауырлар қалды тұңжырап.
Өлімге Сізді қия алмай,
қарындастарың тұр жылап.
Мекен ғып мəңгі сыз жерді,
қаласыз ба мынау далада?
Қара жерге беріп Сізді енді
қалай кетеміз, жан аға?
Əулиедей ұлын елейді ел,
нұр төксін Аллатағала.
Рухыңмен елді жебей гөр,
қош деймін... қайтем, жан аға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу