Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  134


Автор: Қалижан Бекхожин

АРТЫҚ КӨРЕМ

Ақсақал боп мүжгілеген бастан да,
Бала кезде жеген құлақ сүйкімді.
Атақтан да дер шағыңнан асқанда,
Артық көрем жалбыр бала сиқымды.
Өзімнен де әке даңқы зор маған,
Үлкендіктен балалығым сымбатты.
Бұл күндерде – өзімде бар «Волгадан»,
Артық көрем әкем мінген сұр атты.
Маған ыстық зор сарайдан іші кең, –
Балалыққа – ұя, киіз лашығым.
Қандай қызық, қазіргі сәт ісімнен,
Бала кезгі алшы түскен асығым!
Ақ қоғадай дударланған шашыңнан,
Сүйкімді ғой, бала күнгі тұлымшақ.
Артық не бар сол балауса шағыңнан,
Ұлан-асыр, өмір – ойын, көңіл шат.
Бұлтты тауға таянғанда қарайсың,
Сонау артта, дүзде қалған сағымға.
Сол сағымды алтын көлге балайсың,
Жүзіп өткен кеше сайран шағымда.
Дерсің мүмкін: күйрек болар ақындар,
Етер тіпті оралмасты әңгіме.
 Жоқ, көксеуге балалықты хақым бар,
Адам сүйер сәбилігін мәңгі де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу