Өлеңдер ✍️

  21.03.2022
  288


Автор: Тортай Сәдуақас

ДӘУЛЕТ ҚАРТТЫҢ ТӨРТІНШІ ЕСТЕЛІГІ

Лениннің тікелей нұсқауымен басталған, «Екпінді азық-түлік құрылысы» атанған «Петропавл – Көкшетау» темір жолын салуға жұмысшы Дәулеттің ат салысуы.


 


Таппады қауырт шаруа толас тіпті,
Тасимыз Көкшетауға сол астықты.
Темір жол салу керек болды дереу, –
Тезірек жою үшін зор аштықты.
Бет қойдым құрылысқа мен сол бойымда,
Ағаның аманаты ол да ойымда:
Ойнатып жұмысшының төс, балғасын,
Осылай қала бердім жол бойында!..
Сағымы cap даланың сан құбылып,
Жапан түз балға үнімен жаңғырығып;
Көре алмай көркейгенін туған жердің,
Кей дұшпан іріткі мен салды бүлік.
Мұның да көрейік деп әуселесін,
Қажымай қаға бердік әр шегесін;
Еңбегің күндіз еткен түнде еш болып,
Запы боп кейде солай зар шегесің.
Паналап, жолым үй сап қамыс-талды,
Төсейміз қуанышпен әр шпалды.
Халықтың аманатын артқан бізге, –
Тезірек қуантсақ деп данышпанды!
Жалықпай жол іргесін төсеп берік,
Біз жүрдік ел алдында есеп беріп.
Сан саққа жүгіртеді мұның бәрін, –
Капитал суайттары өсек теріп.
 Қоймастай намысыңның қозбасына:
«Қаларсың, – дейді, – көптің көз жасына.
Темір жол торабы емес, бұл алып тор,
Тұзақ боп түсер, – дейді, – өз басыңа?!
Тарылар тынысың да, өрісің де,
Емініп бұл айдаһар ел ішінде:
Жеріңнің байлығы да желге ұшады,
Тас қоймай тасып алып кенішіңде.
Түбінде бір пәлеге ұрындырып,
Қуалап құндызыңды, қуыңды іліп,
Бұғалық тасталған бұл тарпаңыңа,
Далаңды жатар, – дейді, – буындырып?»
Пысқырып елемедік ондай лаңды,
Өсекші жолбикелер оңбай қалды.
Еркіндік уақыт келген, бақыт келген,
Ел үшін нағыз құтты ол жолға айналды.
Ескілік жатса-дағы шаққа көніп,
Шыңдалды құрлысшылар сапта берік.
Күре жол зымырайды, дүр сілкінтіп,
Қазақтың кең даласын қаққа бөліп!
Жаңаша толғады ол дала жырын,
Ешкімнің аттамауға ала жібін;
Жаңғыртты гудок үні жапан түзді,
Жаңа мен ашты ескінің ара жігін!
Кедейлер Кеңес келіп шат күліпті,
Бай-манап жасап баққан жат қылықты;
Шошыған, шоқ басқан бар шолақ пішіп,
Қараңғы ел бір үріксе қатты үрікті!
Темір жол – түре келді түн-түнекті,
Темір жол – дала аспанын күркіретті!
Тышқаны тызалақтап түзге қашып,
Түлейге түлен түртіп түлкі кетті.
 Қалыңға қашып кірді қарсақтары,
Үйірін, үрікті елік, аңсап тағы.
Қарғаның қара басы қарқылдады,
Жарқанат жар жағалап жан сақтады.
Қыраны найзағайдай жарқыл қақты,
Сұңқары әлемге үнін саңқылдатты.
Аққуы айдын көлде мың бұралып,
Бұлбұлы жатты жырлап жарқын бақты...
Жол салдық маңдайлардан жақұт тамып,
Сезіндім сонда өзімді бақытты анық.
Құттықтап, көсем бірге қуанды елмен,
Қарбалас қауырт шақта уақыт тауып!
Шынында шыңдамады бұл сын кімді,
Дұшпанның сағын солай бір сындырды.
Халықтың сенімі де жігер беріп,
Біздерді зор істерге құлшындырды!
Қос шегі домбыраның сияқтанып,
Қос рельс қосылды әнге, күй ақтарып.
Жөнелді қыз-қыз қайнап қызықты өмір,
Үміті туған елдің жиі ақталып.
Қос рельс – көрер көзім, қос шырағым,
Адаспай осы жолдан өсші, ұланым!
Қос рельс – бірі-біріне созып тұрған, –
Қолдары Қазақстан – Россияның!..
5-ші сұхбат
– Арман – шың, асуы көп бірақтағы,
Жеткізбей жол мұраты жырақтағы;
Шалт басқан кезіңіз де болған шығар,
Тап келіп тайғақ кешу сынақтары?..
– Өр рухы өнеге боп басқаларға,
Өжет жан шыңға өрлеуден жасқанар ма?
 Мені де қажымайтын көш бастаушым,
Келеді өжет жандар бастап алға.
Тартса алға тарих көшін жол, сағалар,
Ер керек туған елге олжа салар.
Тек сонда адастырмас арман жолы,
Адамзат мұратына болсақ адал!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу