11.03.2022
  218


Автор: Рафаэль Ниязбек

БОЛАШАҚТЫҢ ТӨРІНЕН КӨРЕМ СЕНІ

Серік Әбікенұлы Үмбетовке
 1. ТАЛДЫҚОРҒАН ЕЛІНЕ СІЗ БАРҒАЛЫ
Тіршіліктің күйлерін шерте білген,
Азамат ер атқа да ерте мінген.
Қара қарға аспанға толып кетіп,
Ақсұңқар құс қаншама жерде жүрген.
Талайлардың қиылып ізгі арманы,
Қызыл итке жем болған қызғанғаны.
Түлеп ұша бастаған ақсұңқар құс
Талдықорған еліне сіз барғалы.
Кімге дәрі тағдырдың сызданғаны,
Кісі бар ма үзбейтін күзгі алманы.
Қыз-жігітке жаңадан отау құрған
Үй беріле бастаған сіз барғалы.
Сіз барғалы жігіт көп атқа мінген,
Сарбаз қанша сайланып сапқа кірген.
Талдықорған еліне сіз барғалы
Сауық құрып, жас қанша бақта жүрген.
Сіз барғалы ол елде дау басылып,
Алтын сәуле ойнаған тауға асылып.
Бабалардың жырладың ата ерлігін
Заманында үйренген жау қашырып.
 Жұрт аралап көлікпен қыстай мінген,
Көңіл құсын ұшырдың ұшпай жүрген.
Ұстай білер тізгінін өскенде елдің,
Ат тізгінін жасында ұстай білген.
2. АҚБОЗ ҮЙЛЕР
Мына кәпір заманда шүлдірлеген,
Қадіріңді, бауырым, кім білмеген.
Азаматсың ұлтына тұтқа болар,
Көкірегі күй тартып күмбірлеген.
Арқасында өзіңдей көшелі ердің,
Мәртебесі әлі де өседі елдің.
Сен тіктірген ақ шаңқан ақбоз үйлер
Сап түзеген бойымен көшелердің.
Жалғандықтың тұрғанда ақпаны ұлып,
Сен бар жерде көрді ме бақ тарынып.
Қымыз иісі үстінен бұрқыраған
Ақ үйлерге қалың жұрт жатты ағылып.
Бағаң артқан кез еді
Жылқы ішінен
Азамат ер мінетін ат табылып.
Ырыс,
Байлық,
Береке жүрген жерің,
Ақ самала ғажайып түрге енгенің.
Айдарыңнан жел есіп тұрдың сен де.
Ақ үйлерге асқақтап кіргенде елің.
 Ызғырық жел басылып сусылдаған,
Жұрттың бәрі шөл басып сусындаған.
Тоқшылықтың тоқашы секілденіп,
Қымыз толы сабалар тырсылдаған.
Самал есіп көктемнің келбетінен,
Көшелердің талдары тербетілген.
Қасиетпен өтерің анық нәрсе,
Кетпесе егер қасиет жер бетінен.
3. ҚАРҚАРАНЫҢ АТАҚТЫ САРЫ ҚЫМЫЗЫ
Қонған жарқын заманда бақ далаға,
Жүгіңді арта көрмегін жат шанаға.
Талдықорған көктемде айналады,
Сары қымыз сапырған ақ қалаға.
Үміт оты көзінен сөнбегенде,
Көтерілген жан аз ба өрге демде.
Сары қымыз асығып жетеді ылғи
Талдықорған қаласы шөлдегенде.
Тағдыр қолы қысқанда алқымынан,
Бөрі ашуы сырқаттың атырылған.
Жазылмайтын дертті де жазған емдеп,
Сары қымыз шарада сапырылған.
Ер-тұрманын алтындап, күмістеген
Көңіліне кімдердің күн түспеген.
Ақбоз үйдің төрінде ем болсын деп,
Қарқараның қымызын кім ішпеген.
 Жылқышының көңілін шуақ көріп,
Сусындаған жұрт қанша шұбап келіп.
Қарқараның қымызы бал татыған
Шипа болған жаныңа қуат беріп.
Тал бойыңда тулаған қанға айналып,
Сары қымыз ем болған балдай жағып.
Қарқараның қымызын сіміргенде
Ағылшындар тамсанған таңдай қағып.
Жақсы, жаман кезең бұл жиі алмасқан,
Күндер қайда күркіреп қияға асқан.
Сары қымыз ішкенде ұят болса,
Арақ ішкен жандардан иман қашқан.
4. ХАНТӘҢІРІ
Шуақ құйып тұрса да неше көктен,
Көсе де өткен өмірден, көсем де өткен.
Қарасазға бардың ба, Серік мырза,
Мұқағали жыр болып нөсерлеткен.
Жандар көп те жүрегі күй ұқпаған,
Тіршілікті кім сонша тұйықтаған.
Серік мырза, киелі Қарасаздың
Айдынында аққулар ұйықтаған.
Шағаласы айдында шуылдаған,
Қарасазда қара өлең туындаған.
Ақынның жаны таза болған емес,
Шұғылаға шомылып жуынбаған.
 Шауып шығып, ту тіккен көк белеңге,
Қай жұрт сенім артпасын текті өренге.
Мұқағали – қазақтың қара өлеңі,
Ғасырлардың үні боп жеткен елге.
Орманында жайқалған дара емені,
Алты алаштың бұл күнде саналы елі.
Мұқағали ешқашан өлмек емес,
Өлмесе егер қазақтың қара өлеңі.
Кісінетіп күреңін көп түлеген,
Өжет ақын болатын от күреген.
Мұқағали көзіме елестейді,
Хантәңірді көргенде көк тіреген.
Көңілімде бір аспан күркіреді,
Көз алдымнан бұлт көшіп дүркіреді.
Хантәңірге айналып тұрып қалған
Мұқаңның өзі шығар кім біледі.
5. АСЫЛ ЕРДІҢ ЖҮРЕГІ
Сен емес пе кешегі қыр баласы,
Биігіне көтерген жыр даласы.
Азамат ер өзіңдей көп болса егер,
Жыламайды қазақтың нұрлы анасы.
Үзілмеген алдынан сыбағасы,
Сен емес пе жастардың бір ағасы.
Азамат ер өзіңдей көп болса егер,
Құламайды қазақтың мұнарасы.
 Қос қанаты қатайып, жетілді елдің,
Қашан болат тұяғы кетілді ердің.
Азамат ер өзіңдей көп болса егер,
Өксімейді өмірі жетімдердің.
Шуақ шашып, көгінде күн тұрғанда,
Жесірлердің көңілі жыртылған ба.
Қалып қойған балалық шағың сенің
Даналыққа бет бұрып ұмтылғанда.
Көтерсе де туыңды ел құлатпай,
Жүргендер де жоқ емес сені ұнатпай.
Қай кісінің көңілі көншіп еді,
Өмірінің өзені еркін ақпай.
Достар ғана қабағын суытпаған,
Күнің бар ма бірақ та булықпаған.
Асыл ердің жүрегін, Серік мырза,
Қалың жұрттың бірі ұқса, бірі ұқпаған.
6. НҰРҚАСҚА АТ
Туған елге баянды бақ таратып,
Қостың талай бәйгеге ат жаратып.
Нұрқасқа атың бірінші келеді ылғи
Дүниені өзіне жалт қаратып.
Тамырыңды тулатып аққан арай,
Шуақ есіп жетпесін баққа қалай.
Нұрқасқаның бауыры жазылғанда,
Жердің өзі ығысқан артқа қарай.
 Болашағы қол бұлғап, дауыстаған
Азаматтың басынан бақ ұшпаған.
Бұрынғының ақ семсер серілері
Қорасында сен құсап ат ұстаған.
Қосқан сайын бәйгеде озған атың,
Тау да сол сәт қызынып қозғалатын.
Тұлпар менен қыран құс, Серік мырза,
Тіршілікте талмайтын қос қанатың.
Тауың барда тұрасың аласармай,
Жүрегіме жұртыңнан жара салмай.
Атың барда ызадан тас шайнайды,
Дұшпаның да өзіңмен таласа алмай.
Уақыттың қым-қуыт дүрмегінде,
Күн күледі көзіңнен күлгеніңде.
Шалғайыңа ит барма жармасатын,
Ат үстінде алшайып жүргеніңде.
Қызық қуып өскесін нұрлы өңірде,
Күңіреніп көрмедің күрең күнде.
Атың неге шаппасын, Серік мырза,
Бағың шауып тұрғанда бұл өмірде.
7. ШАПЫРАШТЫ НАУРЫЗБАЙ ХАҚЫНДА
Кісі бар ма бұл кезде қыр аспаған,
Көңілімнің есігін кім ашпаған.
Ата ерліктің білмейді не екенін
Наурызбайдың рухымен сырласпаған.
 Ат жаратып өскен соң нұрлы өңірде,
Сауық-сайран құрмасын кім елінде.
Атылмаған жанартау кетті қанша
Наурызбайдың жолбарыс жүрегінде.
Арыстаны дамылдап шыңда жатқан,
Батыр барда қай қазақ мұңға батқан.
Маңдайының тері ме сорғалаған
Тарау-тарау бұлақтар тулап аққан.
Қаратаудың жаралған қуатынан,
Наурызбай ер жауына тура атылған.
Аспандағы құс жолы қалып қойған
Тұлпарының шаңы ма шұбатылған.
Батыр неге от шайнап, күркіреді,
Көзінде әлі көктем боп күн күледі.
Жұлдызды аспан жебелер тесіп өткен
Ақ сауыты болар ма кім біледі?!
Қандай қатер төнсе де азынаған,
Батыр еді бұғынып жасымаған.
Қырға қарай жайылған қызғалдақтар
Наурызбайдың қаны ма шашыраған.
Айлы аспаны тазармай қара бұлттан,
Батыр еді өрт болып алабұртқан.
Жарға біткен жантақты нар жегенде,
Ел қамын жеп Наурызбай алау жұтқан.
Төбесіне көтерген Хантәңірі,
Наурызбайдың жұлдызы жанды ақыры.
Ескерткішке айналып тұра қалған
Қара тастың бүлкілдеп қан тамыры.
 Төрт түлігі көктемде түлеп өрген,
Сардар еді өмірге күле келген.
Мына ескерткіш батырдың рухы шығар
Жүрегінен даланың түрегелген.
Қалың жауға жасқанбай төте кірген,
Сардар еді қайдан да өте білген.
Мына ескерткіш батырдың өзі шығар
Көктөбенің басына көтерілген.
Семсерінің көрмеген жүзі кетіп,
Батыр еді ұшырған құс түлетіп.
Көктөбенің басында қайран сардар
Тыныштығын даланың тұр күзетіп.
8. ЖАРАЛМАСАҢ БАТЫРДЫҢ СҮЙЕГІНЕН
Серік мырза, өмірді сүйе білген,
Туып едің өңірде кие жүрген.
Наурызбайдың көтердің ескерткішін
Жаралғасын батырдың сүйегінен.
Көңіліңнен бір алау өріледі,
Елді ойласаң, қабырғаң сөгіледі.
Наурызбайдың өр мінез қасиеті
Жанарыңнан жарқылдап көрінеді.
Туған елін ту етіп бақта жүрген,
Ер жігітсің жасынан атқа мінген.
Екіталай күн туса ел басына,
Сендей жандар сардар боп сапқа кірген.
 Бейбіт жұртын тонаған жайшылықта,
Қайырады қанатын қайшылықта.
Тағдырына қасқайып қарсы өседі,
Жел өтінде жетілген қай шыбық та.
Саясаттың ызғарлы желі ескенде,
Кімдер аттан ұшпаған белес-белде.
Қайран уақыт дауыл боп борағанда,
Қара еменге айналдың егескенде.
Серік мырза, өмірді сүй білген,
Туып едің өңірде кие жүрген.
Жаның сенің ақ жайлау болмас еді,
Жаралмасаң батырдың сүйегінен.
9. ЖАҚСЫЛЫҚ ПА ДЕП ТҰРАМ КЕЛЕ ЖАТҚАН
Көңіліңнен бір алау өрілгенде,
Көктем болып жүгірдің көңілді елде.
Көрінеді төбесі жақсылықтың,
Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Шуақ сыйлап жүгірген байтақ елге,
Таудай қуат бітеді қайран ерге.
Жалғандықтың бәрімен мылтықтасып,
Бұл күндері айналдың майдангерге.
Уақыттың тулатып ұлы ағысын,
Азамат ер әлі де туады шын.
Туған елдің қайтарған сен емес пе,
Нарық жылы жоғалған қуанышын.
 Көкірегі шерменде күйге толған,
Үйі жоққа сен едің үй де болған.
Қара қылды қақ жарып кім сөйлейді,
Егер бола білмесең биге қорған.
Айдыныңды тұрғанда шың асырып,
Жетелейді сені алға күн асығып.
Жағдай айтып алдыңа кім барса да,
Көңіліңнің есігі тұр ашылып.
Маңдайына дұшпанның шеге қаққан,
Бабаң сенің шіреніп жебе тартқан.
Қара жолдың бойынан сені көрсем,
Жақсылық па деп тұрам келе жатқан.
10. ДИМЕКЕҢНІҢ ТӨРТ ЕСКЕРТКІШІ
Дүниенің сұмдығын жүре көрген,
Дінмұхамед кісі емес жүрегі өлген.
Алатауы болатын алты алаштың
Ғасырлардың төрінен түрегелген.
Ақиқатқа, шындыққа ара тұрған,
Асыл еді ақ нұрдан жаратылған.
Жалғандықтың шайқаған шаңырағын
Ұлы дауыл туғанда қанатынан.
Тіршілікте бақ қуған, киік қуған
Заманынан кісі еді биік туған.
Дінмұхамед болатын тірісінде
Мына қарау қоғамға күй ұқтырған.
 Көбе жоқ-тын ол кезде сөгілетін,
Найзағайдан от қамшы өрілетін.
Димекеңнің тұсында азамат ер
Ақбоз аттың үстінен көрінетін.
Жұрттың бәрі жүрегін Айға ашатын,
Күндер жоқ-тын көңілден қайғы асатын.
Димекеңнің тұсында абыз қарттар
Ақбоз үйдің төріне жайғасатын.
Қуанышқа жүрген соң жиі жетіп,
Көрген емес көңілдің күйі кетіп.
Димекеңе тұрғыздың төрт ескерткіш
Заманынан тұғырын биік етіп.
Көңілінің шырағы жағылғанда,
Күтіп сені тұрады бағың алда.
Барып жүрген шығарсың ескерткішке
Ұлы Димаш ағаңды сағынғанда.
Өткелінен өмірдің өте білген,
Сенің ойлы көзіңнен от өрілген.
Димаш рухын көтерген жанның бәрі
Бағы жанып, биікке көтерілген.
11. МҮМКІН БАҚЫТ ШЫҒАРСЫҢ
Жастық шағы бақ қуған қырда қалған,
Азаматсың жүрегін нұрға малған.
Қайран Димаш төрт бірдей ескерткіш боп,
Сенің пәрмен күшіңмен тұлғаланған.
Тағдыр сұсты қабағын суытқанда,
Бетің қайтар ұлдан да, ұлықтан да.
 Қонаевтың пір тұттың аруағын
Жақсылығын көргендер ұмытқанда.
Ұлыларды көрінде ұлытпаған,
Айбозымсың арысын ұмытпаған.
Қараулықтың бәрімен жағаластың
Ақиқаттың есігін құлыптаған.
Алты алаштың мінгелі кемеге елі,
Жұртқа айналған іргелі, керегелі.
Тұрған жоқ па айдының кімнен де асып,
Асқақ рухы Димаштың жебегелі.
Ел қамын жеп көзінен мұң кетпеген,
Димекеңді күллі әлем құрметтеген.
Жүрегі үлкен өзіңдей жайсаңдардың
Қадіріне бүгінде кім жетпеген.
Жаратылған жан едің жаны алаудан,
Жұрттың түгел көңілі саған ауған.
Көктем шығар деп тұрам сенен ескен
Самал соқса аңқылдап жағалаудан.
Бұлт шала ма көгіңді көңілді елде,
Ұлтаны елдің сен барда сөгілген бе.
Бақыт келе жатқандай сезілетін
Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Қара тобыр қарамай мал-жайыңа,
Жармасады неге әлі шалғайыңа.
Мүмкін бақыт шығарсың кім біледі,
Елдің біткен жарқырап маңдайына.
 12. ҮМБЕТОВКЕ БАРЫҢЫЗ
Сұрапылда қан кешіп, алау жұттың,
Білместігі әлі де бар-ау жұрттың.
Қара орманы шындықтың жайқала ма,
Тұрса шауып балтасы Қараулықтың.
Жанарыңнан жаңбырлы жыр төгіліп,
Көңіліңнің көбесі тұр сөгіліп.
Бір пәтерге зар болып жүрсің әлі,
Дүниенің барлығы тұл көрініп.
Қайдағыны қозғайсың күңіреніп,
Анасынан туады кім тіленіп.
Пәтер бермей сорлатса не істейсің,
Жазған құдай тым ұзақ ғұмыр беріп.
Туған елдің жігерлі жасына еріп,
Жүгірсең де даланың шашын өріп.
Тұтқасы алтын есікті аша берме,
Ұлықтардың бәрін де асыл көріп.
Аман болса қазақтың көңілді елі,
Неге еспесін алдыңнан өмір лебі.
Кең бөлмеге жайғасқан ұлықтардың
Бәрі бірдей кең емес көңілдері.
Қадіріңді ер жоқта білсін бе елің,
Күңіреніп, ақсақал, күрсінбегін.
Үмбетовке барсаңыз жағдай айтып,
Ашылады бұлтынан тылсым көгің.
 13. ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ГҮЛІ
Қабарғанда түнеріп қайран аспан,
Бұлт ішінде қамалып ай да адасқан.
Жетісудың жүгірген жеті өзені
Өзің барда адасып қайда қашқан.
Толқындардың тілімен жырлап алып,
Өзен қанша жоғалған құмға барып.
Ойлы өзеннің бірісің, Серік мырза,
Арнасында бұрқанған тулап ағып.
Заман артқан жүгіңді жеңіл деме,
Ар-намысың тереңнен тебіне ме.
Тұманданып тұратын дүниеде,
Сен адаспай адассын елің неге.
Туың сенің желбіреп асқарыңда,
Құс ұшпаған адасып аспаныңда.
Адалдықтың есетін ақ самалы,
Адалдықтың есігін ашқаныңда.
Жоғалғанда жамандық жыраққа асып,
Жақтың қанша көңілге шырақ тасып.
Өзің барда, бауырым, адаспаған
Талдықорған жерінен бұлақ қашып.
Серік мырза!
Жолыңды кім кеседі,
Көңіліңнен көктем боп жыр еседі.
Қайда сапар шексең де,
 Ізіңе ылғи
Жақсылықтың тербеліп гүлі өседі.
14. СІЗ БАР ЖЕРДЕ
Сіз бар жерде самал да көңілді ескен,
Қайта жанған жұлдыздар көгіңде өшкен.
Арақ-шарап ығысып дастарқаннан
Жұрттың бәрі саналы өмір кешкен.
Мүмкін ұлы шығарсың қамшыгердің,
Сіз бар жерде оянған намысы ердің.
Жеткеніңде баянды бағы болып,
Нұр боп жауған көгіңнен алғысы елдің.
Сіз бар жерде қарттар да қуаттанған,
Елін қорғап, майданға ұлы аттанған.
Сіз бар жерде бұлттардың бәрі ыдырап,
Дүние түгел жадырап шуақтанған.
Сіз жоқ жерде тал-терек қуаратын,
Сіз бар жерде сәбилер қуанатын.
Жасау менен жабдығы түгенделіп,
Жас отаудың сүйегі құралатын.
Сіз бар жерде қоғамды сауықтырып,
Жастар сайран салатын сауық құрып.
Бес қаруын асынған сарбаздарың
Тұрады ылғи сұсымен жау ықтырып.
Тіршілікті тобықтан тұралатқан,
Күндер ғана сіз жоқта мұңға батқан.
Сіз бар жерде даладан қуат жиып,
Өмірімнің өзені тулап аққан.
 15. ҮМБЕТОВТІҢ КӨРІНГЕНДЕ ТӨБЕСІ
Қасиетін жиып өскен даламның,
Жүгін неге көтермесін ғаламның.
Иіргенде алшы түсер асығы
Үмбетовке үміт артқан адамның.
Адамдардың құзырлы ма барлығы,
Жаратқанның өзгермейді жарлығы.
Үмбетовке сенген ізгі адамға
Етігінің сезілмейді тарлығы.
Жылқы ішінде қазанаттар бағалы,
Ақиқаттың тартылмайды Аралы.
Үмітіңе үкі таға білетін
Үмбетов кеп басқарған ел жағалы.
Топқа түссе, көздері оттай жанатын,
Азаматқа кінәң бар ма тағатын.
Жалт беретін Үмбетовті көргенде,
Зұлым ит те үндемей кеп қабатын.
Жүрегінде өмір гүлдеп көктеген,
Ер жігіттің тауы жерге шөкпеген.
Үмбетовті үлгі тұтып қашан да,
Үлкендер де алдын кесіп өтпеген...
Өмір деген биік жартас, құлама,
Тауқыметті көп тарттым деп жылама.
Үмбетовтің көрінгенде төбесі,
Үміт отың жанбай, сірә, тұра ма.
 16. МЕНІ ӨЗІҢДЕЙ ТҮСІНГЕНДЕ
Қуанғанда көзімде күн күледі,
Бақытты ақын шығармын кім біледі.
Серік мырза, үйге іздеп келгеніңде,
Көңілімде күркіреп жыр түледі.
Тіршіліктің сыр айтып өткелдері,
Ат үстінде келесің көптен бері.
Көкірегім күмбірлеп күйге толған
Көңіліңнен ескенде көктем лебі.
Өзің барда баянды бақ ұсынған,
Туған елде кімдердің сағы сынған.
Серік мырза, сен едің ақжал толқын
Ғасырлардың жаралған ағысынан.
Тал бойында тулаған барыс қаны,
Ақ сұңқарсың самғайтын алысқа әлі.
Арманыңды арқалап жосылуда
Өміріңің бұрқанған ағыстары.
Ұлы дала төсінде дамылдаған,
Ел ішінде кім сізді сағынбаған.
Көңіліңнің шуағы болар, бәлкім,
Үй ішінде ақ сәуле ағындаған.
Алыс-алыс жолдарға жиі аттанып,
Елге бақыт іздейсің күй ақтарып.
Кейде менің көзіме елестейсің
Адалдықтың ақ шыңы сияқтанып.
 Ақын кейде өмірден түңілгенде,
Ой кешеді түнімен, күнімен де.
Мүмкін мені түсіндің,
Жүрегіме
Жүрегіңнің көзімен үңілгенде.
Кейде шошып оянам түсімнен де,
Сұмдар қанша көздеген құсымды елде.
Мен бақытты болармын
Өрт жанымды
Жұрттың бәрі өзіңдей түсінгенде.
17. САҒЫНЫШТЫҢ САРЫ АТЫ
Сүңгіп жазған ойлардың тереңіне,
Жырым елдің жарай ма керегіне.
Серік мырза, білсең айт!
Байланады
Қашан алтын жапырақ терегіме?
Жүрегімді тусам да нұрға малып,
Тағдыр көзі алдымда тұр ма аларып.
Қашан менің бағымды суарады,
Өмірімнің өзені тулап ағып?!
Суық ызғар ескенде сұр ғаламнан,
Көз жаздым ба, білмеймін, мұнарамнан.
Әділетсіз жаралған қарау қоғам
Қағып әлі келеді сыбағамнан.
Көшін бастап, бетке алған шұғыланы,
Арманымды бұл күнде кім ұғады.
 Серік мырза, өзіңді бұта көріп,
Бозторғайы жанымның тығылады.
Тал шыбықтай өссе де мың бұралып,
Ер жігіттің қашан да тұғыры алып.
Мені ылғи да қасына шақырады,
Бір жолбарыс кеудеңде ыңыранып.
Жүрдім қанша адасып сағымдарда,
Төрге шыққым келеді бағым барда.
Сен есіме түсесің, Серік мырза,
Адамдардан кісілік сағынғанда.
Сорладым ба, кім білсін, шетте қалып,
Жүрегімді қойған кім дертке малып.
Тартып кеткім келеді саған қарай
Сағыныштың сары атын ерттеп алып.
18. ДҮНИЕНІҢ ҰЛТАНЫ СӨГІЛГЕНДЕ
Семсеріңнің көрді ме жүзі кетіп,
Өткелдерден келесің жүзіп өтіп.
Талдықорған еліне сен барғалы,
Күрең мінген жұрт қанша кісінетіп.
Сардалада тайпалтып жорға мінген,
Жұрттың бәрі жолаушы жолда жүрген.
Наурызбайдың, кім білсін, рухы шығар
Серік мырза, өзіңді қолдап жүрген.
Болашақтан көз жазып, қол үзбеген,
Жұрттың бәрі жолаушы жоқ іздеген.
 Кісі бар ма өзіңмен сырласқанда,
Көңілінің шуағын бөліспеген.
Жағалаудың қызықпай қамысына,
Ер жігіттің айналдың намысына.
Зуылдаған уақыт толқын атып,
Өміріңнің тулаған ағысы ма?!
Сұрқай заман құтырып, жын атқалы,
Жүргендер көп туыңды құлатқалы.
Серік мырза, сен барда өскен емес,
Қара орманның қисайып бұтақтары.
Күнің сенің биіктен көрінгенде,
Ат жаратып, бақ қудың көңілді елде.
Қағылатын нық шеге секілдісің
Дүниенің ұлтаны сөгілгенде.
19. БАТЫР БАБАҢ КӨЗ ЖҰМҒАН АТ ҮСТІНДЕ
Талдықорған жеріне сіз барғалы,
Арай болып көкте елдің жүзді арманы.
Көңіліңнің көк туы тұр желбіреп,
Азаттықтың кемесі мұз жарғалы.
Тулап туған жан едің ұлы өңірде,
Қырық шырақ жанып тұр жүрегіңде.
Атың сенің тұрғанда өрге шауып,
Сенен жақсы кісі жоқ бұл өмірде.
Жан сарайын талайдың арайлаған,
Атымтайсың жоқтарға қарайлаған.
 Барыс болып алысқа секіреді,
Тал бойыңда барыстың қаны ойнаған.
Құлындарың жер тарпып желісінде,
Кемең жүзіп келеді теңізінде.
Елдің қамын, бауырым, жей бермеген
Жүргендердің бәрі де ел ішінде.
Қара тобыр қой бақпай сөз баққалы,
Тұманданған таулардың боз қапталы.
Жүргендер де жоқ емес ел ішінде,
Бостандықтың ботасын боздатқалы.
Көрінетін жау көп те жат пішінде,
Ыңыранып бір барыс жатты ішіңде.
Аттан сен де түспегін, Серік мырза,
Батыр бабаң көз жұмған ат үстінде.
20. АДАЛДЫҚТЫҢ ШЫҢЫ
Азаматсың бұл күнде ер тұлғалы,
Өлең талай жазылар сен туралы.
Сен бар жердің бәрінде шаң басылып,
Сезілмейді ышқынып жел тұрғаны.
Мұнара боп жүгірген сардалаға,
Жігіттің жігіттігі арда ғана.
Сені тапқан анадан туған шығар
Шырақ болып жанғандар бар қалаға.
Жалғандықпен алысып аласұрған,
Ақсұңқардың бірісің дала ұшырған.
 Бірақ сендей жігіттің арқасында
Ақынның да,
Елдің де бағы ашылған.
Туын биік көтеріп тірі адамның,
Қолтығынан сүйедің құлағанның.
Серік мырза, өмірге сен келмесең
Кім сүртеді көз жасын жылағанның.
Сенем, саған!
Жігітсің өр еңселі,
Биіктердің бәрінен көрем сені.
Ақиқаттың тілінде сөйлейтұғын
Сенің арқаң Алаштың көгерсе елі.
...Ауызынан маржан сөз төгілетін,
Кісі азайып бара ма жөн білетін.
Әттең, сіздей азамат аз боп тұр-ау,
Адалдықтың шыңынан көрінетін.
21. БОЛАШАҚТЫҢ ТӨРІНЕН КӨРЕМ СЕНІ
Кімнің қандай екенін ел біледі,
Туың талай биікте желбіреді.
Серік мырза, өзің кеп басқарғалы
Елдің қашан орманы селдіреді.
Құзырыңа жүгірген жат табынып,
Мұңын шаққан алдыңда ақтарылып.
Сардаланың төсінен арна тауып,
Туған елдің байлығы жатты ағылып.
 Тіршіліктің көзінен жыр аулаған,
Тырна күндер жатты өтіп тыраулаған.
Суық күзде сен жеттің көктем болып,
Терезесін көңілдің қыраулаған.
Қайта жанған мезгілде сөнген арай,
Шықтым деме күркіреп төрге қалай.
Баяғыдан келеді толқып ағып,
Өміріңнің өзені өрге қарай.
Азамат ер жүргенде ат үстінде,
Сарсылады шошынып жат түсінде.
Оқ бойы озық туған соң заманыңнан
Бір жанартау тұншығып жатты ішіңде.
Жалғандықтың бетіне тура атылған,
Өмір түлеп жатады қуатыңнан.
Жібек жолың болар ма, Серік мырза,
Аспандағы құс жолы шұбатылған.
Өзендерді жетелеп жүгіргенде,
Көтеретін жан бар ма жүгіңді елде.
Сырт айналдың іргеңді аулақ салып,
Жаны суық жандардан түңілгенде.
Жанарыңнан ақ сәуле шуақ есіп,
Нұр төгіліп тұрады түріңнен де.
Болашақтың төрінен көрем сені,
Болашақтың көзіне үңілгенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу