Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  197


Автор: Рафаэль Ниязбек

БІР КЕМЕНІҢ ҮСТІНДЕ

Арал жайлы пікір талас



Залға кілең игі жандар жиналған,
Жол жүріп келгеннен бе,
Түрлері бар қиналған.
Суырылып сөйлеп жатыр шетінен,
Дауылдардың келгендей-ақ өтінен.
Алдыменен бірі шығып мінбеге,
Шыныдайын жалтырап шырайлы өңі,
Жұртқа қарап былай деді:
– Бірде суып,
Бірде жылып өзгереді күн неге?
– Бұны неге айтып тұрсыз?
Сауал ғой бұл әлдеқашан ескірген,
Деген дауыс залдан кенет естілген.
– Ой салатын адамға,
Қандай сенің көмегің бар Аралға?
 Арал жайы тұрған жоқ па бұл күні
Міндет жүктеп бүкіл мынау ғаламға!
Қайда барсын тіл құрғыр жөнге көнбей,
Босқа уақыт өткізіп көп бөгелмей,
Әлгі адамның естілді қатерлі үні:
– Ерте кезде бұл Арал пайда болған,
Екі дүркін тартылып,
Екі дүркін арнасы қайта толған.
Табиғаттың бұ да бір қателігі,
Болғанымен кей-кейде сан өрлігі.
Жақын жерде, бұл маңда
Жоқ емес пе жылап аққан жылғаң да.
Ендеше бұл Аралды құрту керек,
Қуаңшылық қанат жаймай тұрғанда
Оңтүстік даласында.
Қолдан көл жасау керек
Жататын аунап шарасында.
Сонда ғана қорықпай құм бораннан,
Ғұмыр кешесің
Өлкеде гүлге оранған.
Енді бірі сөйледі түрегеліп,
Күңірене шықпасын күле келіп.
– Құйындаған тірлікте жасып па адам,
Кезі бар ма нар күшін тасытпаған.
Жер астының суларын және игеріп,
Табиғатты дұрыс-ау жасытпаған.
– Қолдан келсе жақсы ғой жасытпаған,
Жаман бірақ бәрінен асықпаған.
Суды қалай, жарқыным, шығармақсың
Жеті қабат тереңге қашықтаған?!
 Біреу тіпті былай деп есіргені,
Өзін көріп өзгеден көш ілгері:
– Көріп жүрмін Аралға жиі барып,
Күйзеледі жанымның күйі налып.
Жойқын күшпен Аралға жосытайық
Көктемеде қар суын жиып алып.
Жұрттың кенет өзгеріп түрлері де,
Жыларын да білмеді,
Күлерін де.
Сөзде тұрған, тәйірі, не бар дейсің...
Дық қалды, әттең, кім-кімнің жүрегінде.
Және бірі қадалып жұрт көзіне,
Көтерілді мезгілдің мінбесіне:
– Табиғат пен адамның арасында
Түсініспеушілік бар кейде,
Нанасың ба?!
Табиғаттың қателігін түзеткенде
Қол жетер деп мол суға,
Бөскен едік біз өткенде.
Соның соңы не болды?
Немен бітті?
Сөз жүзінде орнаған сол көлді аңсап,
Дала күтті,
Бел күтті,
Белең күтті.
Бір-ақ айтсам жүйкемді шағып тұрып,
Елді босқа келеміз зарықтырып.
Сақта алдымен Аралды,
Ертеңдері
Десең егер кетпесін халық құрып!
 Сол кезде залдан біреу гүр еткенде,
Дір етіп қалысты өжет жүректер де.
– Айрылып өңінен,
Келбетінен
Арал көшіп барады жер бетінен.
Перзенті боп тағдырын ойлайық та
Толқынында толықсып тербетілген.
Ұрындым деп бұл жолы қарт қазаға,
Жоғарыға шағынып хат жаза ма?
Кінәліні шетінен тауып алып,
Алды-артына қаратпай тарт жазаға.
– Сондай сөздің, жарқыным, керегі не?
Айналсаң да туған жер терегіне.
Бұның сенің – балалық
Бір кездері
Тас лақтырған қыздардың шелегіне.
Ұшып келіп қонар деп бақ тағы да,
Жүре бермей құр босқа ақпа құмда.
Суды неге үнемдеп жұмсамаймыз,
Күрішті де азайтып, мақтаны да.
– Мақта деген – ақ арман,
Ақ шағала,
Оны да ойла...
Емес ол ақша ғана.
Күллі әлемнің үстіне ұлпа болған,
Нұрдан ғана жаралған ақ самала.
Содан, міне, болмайды мақта өсірмей,
Басқа қонған аз ғана баққа есірмей.
 Қырын неге қарайды ақ мақтаға,
Мінгендердің қайбірі атқа сендей?!
– Жан екенсің көгерген мақтаменен,
Және бұрын кіріпсің баққа менен.
Құрыса Арал...
Жұлдызың жана қоймас,
Арайланып ақ таңың атқанменен.
Сырдың суын тонаған,
Сырды ұрлаған,
Омырауыңдағы көп медаль сыңғырлаған.
Мәртебеңді асырып көтермек боп,
Өңір бар ма сен үшін жыртылмаған.
Жырта беріп кез келген жердің бәрін,
Құртқан және өзіңсің көлдің бәрін.
Жердің сәні емес пе көл дегенің,
Кетіргенің бұ қалай жердің сәнін?!
Бүйте берсең, жарқыным, атақ үшін
Бір күндері тыярсың елдің де әнін!
– Құрыштайын шынығып құрыш күнде,
Жүріп келе жатсақ та нұр үстінде,
Арал түгіл,
Тағдырын шеше алмадық
Өзіміз жылда егетін күріштің де.
Естілмеді күріш боп кімнің әні,
Кетіп жатыр күрішке судың бәрі.
Тірі пенде болсайшы бұны ойлаған,
Сайрап келді күріш деп бұлбұлдары.
 – Бадана көз күрішті өсіргенде,
Жетпек болған мұратқа есіл пенде.
Күрішті айтып қаншама қақсасаң да,
Су тағдыры бәрібір шешілген бе?
Айтар сөзің осы ма жиынға кеп,
Замандас-ай,
Үмітің кесілгенде?!
– Тірлік керек,
Су қажет тірі адамға,
Арал орнап қалмайды жылағанда.
Жайып ылғи алақан,
Қалай ғана
Дағдыланып алғансың сұрағанға?!
Жақсы, әрине, бұндайда қармап қалған,
Өзендер көп Сібірде тармақталған.
Соның бірін қалайда бұрып әкеп,
Жалға бірден Аралға арна ақтарған.
– Ол шығынды өтеуге шашың жетпей,
Басың кетпей тынбайды, басың кетпей.
Арал, тегі, көсеге көгертпейді,
Арна ақтарған көңілің тасып өтпей.
– Шығын дейміз!
Шығынға ара түсіп,
Шыр-шыр етіп жылаймыз дала құшып.
Неге, ендеше, жарқыным, ойламаймыз,
Жер жастанды қанша әке арақ ішіп?!
Азаматтық көз жазбай міндетінен,
Арал жайын ойлауға кім бекінген?
 Шетінеген баланы кім ойлайды
Жиырмасыншы Ғасырдың індетінен.
Қарт та азалы, көк өрім жас та азалы,
Ісінуде ішегі, асқазаны.
Індет деген – өлу ғой,
Сұм ажалдың
Қайдан болсын басқа жол, басқа заңы.
Зұлматтарға, зұлымға сан атылған
Адам болып Анадан жаратылған
Ойламаймыз неге, айтшы,
Жарымжан, кемтарлығын
Балалардың көбісі жаңа туған?!
Бар ма, сірә, адамның жеңбегені,
Қолдайды деп сенемін ел де мені.
Нәрестенің кемтар боп туғанынан,
Жақсы, әрине, өмірге келмегені.
Келсе егерде –
Күн кешер емделумен,
Дәурені өткен “ХТЗ”-дай жөнделумен.
Асыранды қаз да бір, кемтар да бір...
Сансырайды анасы “жем” берумен.
Тірлік пе бұл кісіге жөн көрінген,
Құба жонға бастайды жол керілген.
Мола деп ұқ
Алайда Арал жақтан
Төбе көрсең қазандай төңкерілген.
Ешкімнің де сау емес жұлындары,
Сырқырайды сәл жүрсе буындары.
 Бағытынан ауытқып кетсе егерде
Жұтқалы тұр ажалдың жылымдары.
Табиғатты кезінде емдемедік,
Емдемеудің кесірі бұның бәрі.
Дімкәстар!
Сықырлаған буындары,
Жиырмасыншы Ғасырдың –
Шығындары!
– Оу, дәрігер!
Сен құсап сөйлегенде,
Сынаптайын сырғимын кейде мен де.
Танытатын шешендік жер емес бұл:
“Домалайды қу бас, – деп, той дегенде!”
Аралды айтсаң жанарың мұңданады,
Ол кейпіңе бірақ та кім нанады?
Емдеп, сірә, жазбасаң бір баланы,
Қыл шылбырда қылқынып тұрған әлі.
Не нәрсені жүрсең де мұра көріп,
Талай мәрте лайландың тұна беріп.
Оу, дәрігер, не дер ең,
Тұра ұмтылса,
Қабірінен өлгендер шыға келіп?!
– Тұрған жоқ па сорлатып дәрі жетпей,
Процентке жүгінсек әрі кетпей.
Көкірегі цифр боп күмбірлеген:
– Процент ...- деп дәрігер міңгірлеген.
Сыздатса да жарасы денедегі,
Дәрігердің сөзін жұрт елемеді.
 Бір қария тіл қатып өкінішпен:
– Неге? – деді. – Жарқыным, неге? – деді.
Процентпен шырқатып әніңді де,
Санмен өлшеп шешеді бәріңді де.
Дерт жайлаған жұртыңа,
Не жорық-ау,
Процентпен бөлгесін дәріңді де.
– Тәңіріден еншілеп сұрап алған,
Жалған десе, жалған-ау мына жалған...
Ақын солай орнынан тұрғанда атып,
Сілтідейін зал іші тына қалған.
Ақындардың айбыны кескінінде,
Ақ самал боп еліне есті күнде.
Адамзаттың зар-мұңы жатқан жоқ па,
Ақындардың азамат сесті үнінде.
Оқ болса егер әуеде көкті тілген,
Оны әуелі ақындай текті білген.
Айтып-айтпай не керек,
Жалған бәрі,
Бұл жалғаннан Арал да өтті бірден.
Соны сезген ақын да отты жырмен
Залдың ішін жаңғыртып кетті бірден:
– Сақтамаған Аралды, қорғамаған
Кімге керек көз жасың сорғалаған.
Қаржы керек, ендеше, әрекет те...
Қажет емес майда тіл жорғалаған.
Сөйлейміз кеп көсемсіп бәріміз де,
Көмек берген ешкім жоқ әлі бізге.
 Арал – біздің ат басы жүрегіміз,
Тәнімізге айналған, әнімізге.
Жалған дүние – айналған тұл денеге,
Жалған сөзге бүр жарып, гүлдене ме?!
Арал кешкен қайғыдан құтылмайды,
Келе жатқан бар халық бір кемеде.
Сынға түскен елімнің нар ерлігі,
Сынға түскен ерімнің жан өрлігі.
Айналдырған Аралды тұзды сорға –
Жиырмасыншы Ғасырдың қателігі!
Себеп болған дауға да,
Айтысқа да,
Арал тұзы жетеді қай тұсқа да.
Бүгін жетсе ағылшын бау-бағына,
Ертең жетер АҚШ-тың тау жағына.
Арал тұзы жеткен-ді Парижге де,
Француздың жармасып қалпағына.
Құйын соғып, құтырып қағынғанда
Жеткен және Канада алқабына.
Бұны, бәлкім, болмайды ел ескермей,
Ақыл қоспай және де кеңес бермей...
Европаны тұзды бұлт шарлап та жүр,
Кезген сонау бір кезде елестердей.
Жүйтки берсе осылай талмай заман,
Не пәлені көресің –
Қандай жаман?!
Апат төнсе бір елге,
Шыны солай,
Одан тіпті қай ел де қалмайды аман.
 Нұрлы әлемнің сөндірмек күнін кімдер,
Тірлік семіп,
Солмасын тірі гүлдер.
Сақтайық деп Аралды сапқа тұрып,
Жер шарының күллі елі, бірігіңдер!
Ел қалмасын сол жолда жұмылмаған,
Жақсы, әрине, бұндайда құбылмаған.
Сақтау керек Аралды,
Құйсақ та әкеп,
Шыңыраудан су тартып шымырлаған.
Жетсем егер мұратқа – гүлдегенім,
Гүлдегенде ғаламат түрге енемін.
Қай кезде де еліммен бір келемін,
Болса, шіркін, қасірет – білмегенім.
Мен өлгенмен жасайды халық бірақ,
Халық өлсе...
Мен бірақ бірге өлемін.
Не көрсе де барлығы бірдей көрер,
Барлық халық үстінде бір кеменің!
Барлық халық үстінде бір кеменің!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу