Өлеңдер ✍️
АНА
І
Жарасқан басына әппақ кимешегі,
Ана кіл махаббатпен күй кешеді.
Ана Аллаһ рахымынан жаралмаса,
Бәйек боп барлық жанға күймес еді.
Ана Аллаһ рахымынан жаратылған,
Ана асыл, асыл ана бар асылдан.
Пайғамбар құрметтеген орны ананың,
Адамдар арасында дара тұрған!..
Аллаһтың рахымымен алабөтен,
Ана емес, әлем нұрға толады екен.
Ананы аялайық, пәк ананың,
Жәннәт та табанында болады екен!..
ІІ
Жарасқан басына әппақ кимешегі,
Ананы ақ шың десе үйлеседі.
Көйлегі шың етегі көлбеп жатқан,
Етегіне орап елін сүйді есебі...
Ана – шың,
Шың – анаға үйлеседі,
Екі шың мүмкін ұқсас күй кешеді...
Адамға Аллаһ мейір бермесе егер,
Ана, ол өз баласын да сүймес еді!..
ІІІ
Ана күлсе бар жауыздық іркілген,
Ана өксісе алып мұқит күрсінген.
Ана «әй» десе Күн жүрегі дүрсілдеп,
Ана ақырса дүние дүр сілкінген!
Ана,
Ана – бұл недеген ардақты ат!
Жүрме қыздар анаға тән арды аттап!
Түсінсеңдер мынау байтақ Жерді де,
«Ана» дейміз,
«Ана» дейміз ардақтап!
2009.03.12
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇