06.02.2022
  397


Автор: Сарбас Ақтаев

САРЖАН БАТЫР

Қарқаралы мен Көкшетауда ашылған алғашқы дуандардың қазақ даласын одан әрі отарлап, бұлтартпас бұғауда ұстаудың басы екенін бірден біліп, бас көтерген Қасым төренің тұқымы болды. Қарт сұлтанның өзі Көкшетау дуаны ұйымдаспай жатып-ақ Орынбордың әскери губернаторы Эссенге арыз түсіріп, генерал Капцевичтің Көкше тауларының төңірегінде қала салып, қазақтарды қонысынан тайдырып, өрісін тарылтып, сұлтандар мен Тама рулары келіп қосылды. Көтерілісшілер керуен жолдарын бақылауға алып, бекеттер мен дуандарға да шабуыл жасай бастады. Олардың қатары күннен-күнге көбейе түсті. 1826 жылдың ортасында Саржан өз ордасын Бұғылы мен Тағылы тауларының төңірегінде көшіріп, осы жерде оған Қаракесек, Үйсін, Жағалбайлы болыстарының халқы қосылды. Батыр бауыры Есенгелдімен бірге ауылдарды аралап, жұртты орыс өкіметіне, олардың сойылын соғушы сұлтандарға қарсы күреске үндеді.


Тиісті өкімет орындарына Саржан Қасымовтың іс-қимылдары туралы хабарлай отырп, Омбы облысының бастығының өзі: «Саржанның айналасына кілең қарақшылар жиналған, олар Ордадағы жалпы тыныштықтың берекесін кетіріп, ұщқалақ қазақтарды желіктіріп, Ресей үкіметі енгізген тәртіпке қарсы көтергелі жүр. Тіпті қарулы қол жинап, дуан орталығына шабуыл жасамақ ойы бар» деп жазды. Айтқандай-ақ Саржан өз жасағымен 1826 жылдың тамызында Қарқаралы дуанына жорыққа аттанды. Одан алдын-ала хабардар болған патша ұлықтары мен аға сұлтан Тұрсын Шыңғысов табан аузында облыс орталығымен хабарласып, жүзбасы Иван Қарбышев бастаған қарулы жасақ алдырады да, дуанды талқандалудан аман сақтап қалады.


Патша ұлықтары енді «басты бүлікші» деп көтеріліс көсемінің соңына шырақ алып шындап түсті. Қарқаралы қоршауында Саржанның біраз жауынгер серіктері тұтқындалып, күмән туғызған ауылдар елдің ішкі өңіріне қарай көше бастады. Ал батырдың өзі соңынан ерген ел-жұртымен Орынбор желісіне қарай өтіп кетіп, Троицк қаласына таяу Қыпшақ болыстарына қарасты аймақты қыстап


 


шықты. Оның бұлай қарай бет түзеудегі ойы Кіші жүз қазақтарын да отаршылдарға қарсы ортақ күреске көтеру болатын. Орынбор қазақтары туралы жарғыны жүзеге асырмақ пиғылы білініп қалып, үкіметке қарсы толқу туындап, оның ақыры Шерғазы ханды тақтан түсіріп, Қалугаға жер аударумен тынып, онсыз да амалы құрып отырған патша әкімшілігі қырдағы бар бүліктің басы Саржан Қасымов деп біліп, оны қайткенмен де құрыққа түсіруге тырысты.


Орыс әкімшілігінің үрейін ұшырған тағы да бір жайт көтерілісшілердің барған сайын көп ұлтты сипат алуы еді. Бас көтергендердің арасында қазақтармен қатар қашқын орыстар, тіпті башқұрттар мен татарлар да көбейе бастады. Патшаға қарсы көтерілген аймаққа Қоқан, Хиуа хандығы мен Бұқар әмірлігі сынды көрші елдерден өкілдер де жиі келіп жүрді. Халық қозғалысының қанатын кең жаюынан зәресі кеткен Омбы облысының басшылығы көтерілісті бассыз қалдырмақ оймен Саржан Қасымовты қолға түсіру үшін Қарқаралы округінің күзет бастығы И.Карбышев бастаған арнаулы жасақ құрып, оны жаңа жауынгерлермен, жас офицерлермен, қуатты қарулармен жарақтандырды. Алайда жер жағдайын жақсы білетін көтерілісшілерге мұздай құрсанған ол жасақ та ештеңе істей алмады.


Осы екі ортада бұл жоба-жоспар патшаның өзі Николай І-шіге жетіп, ол Саржан сұлтанды ұстауды әзір тежей тұруға нұсқау берді. Өйткені, бұл туралы Ресей өкіметінің жан-жақты ойластырылған сындарлы бағдары керек болатын. Қанды қырғын талай бүлікті бастан кешірген патша үкіметі әлі ұлан даланың ұлы өртіне ұласа қоймаған көтерілісті басудың өзіндік тәсілін іздестіріп, баяғы


«бөлшекте де – билей бер» әдісіне қайта басты. Көтерілістің өз топырағында тебіндегенімен , қаулап өспеуі үшін оның басшысына төре тұқымының өзін қарсы қоюға тырысты. Қандастардың өзара дүрдараздығын дұрыс пайдаланып, біріне бірін айдап салу іштен жеген жегідей отаршылдыққа қарсы ортақ ниетке жарықшақ түсіріп, ұлттық тұтастыққа зақым келтіретін олар жақсы білді. Шынында да, орыс тәртібіне бірден бағынып, отаршылдардың қолшоқпары болған Тұрсын Шыңғысов сияқты сұлтандар Саржанның басқан ізін аңдып, жоғары жаққа әр қимылын жеткізіп, адым аттатпауға барын да, жанын да салды. Бағынбаған ауылдарға күш көрсетіп, салық жинады. Сауда керуендерін тонады деп арызды жаудырды да жатты.


Соған қарамастан Саржан батырдың ел алдындағы абырой-беделі барған сайын аспаңдап, көтерілісшілер саны лег-легімен қосылған тың толқынмен толыға берді. Қазақтар көтерілісіне Ташкент әмірі жіберген жауынгерлер де қосылмақ екен деген сыбыс шығады. Патша әкімшілігінің ішкі қарсылықтың дала шегінен асып кетуінен қанша қорыққанымен, жағдайдың алдын алып, қарсы лаж жасауға дәрмені жетпейді. 1831 жылдың қазан айында Ташкент күшбегі найза- қылышпен қаруланған, түйелерге артқан шағын зеңбіректері бар үш мың қолмен Саржан сарбаздарына келіп қосылғалы жол тартты. Кездесу кезінде күшбегі мен сұлтан патша өкіметіне қарсы күрестің бағыт-бағдарын айқындап, оның Орта Азияға қанды шеңгелін салуына жол бермеудің амалдарын қарастырды.


Бұл кезде қырда күтпеген бір күрделі оқиғалар көбейіп кетті. Екі дуанды көпсініп жүргенде, Орта жүз жерінде ғана олардың саны сегізге жеткізілетін


 


болды. сол билікті пайдалана отырып-ақ халықтың ортақ ісіне пайда тигізуге болар деген ой Саржанға да келіп, ол үзеңгілес досы әрі туысы Абылай Ғаббасовтың ақылымен Ақмола дуанының аға сұлтаны болу үшін дауысқа түсуге бел байлады. Оның бұл ақылшысы Көкшетау дуанын басқарудан Ғұбайдолла бас тартқан соң облыс бастығы Броневский өз бұйрығымен аға сұлтан тағайындаған Абылай Ғаббасов еді. Патшаға қызмет етуден алғаш ол да бас тартып, Саржан қолына келіп қосылып, оның жауынгер жасағының бірін басқарғанды. Көзі ашық, оқығаны бар ол ел арасында отаршылдарға қарсы үгіт-насихатты кең өрістетіп, бірқатар болыстарды патша өкіметіне қарсы көтерген кісі. Кейін жиырма тоғызыншы жылы дауысқа қайта түсіп, Көкшетау дуанына аға сұлтан болып сайланған-ды. Ауылы аралас, қойы қоралас екі дуан елді екеуі уысында ұстаса, қандай дұшпанға да қыр алдырмасы сөзсіз еді. Алайда, аты-шулы бүлікші деген атағы бар, жеті жыл бойы патша әкімшіліген түсінен шошытып, тітіркендіріп келген қаһарлы сұлтанды үкімет ондай қызметке қайдан қойсын. Патшаға адалдығы туралы қанша жерден ант бергеніне қарамастан, оны аға сұлтандыққа сайламай тастады. Оған апшысы қурылған да, айылын жиған да Саржан жоқ, күрес жолын жалғап келешек жайында кеңескелі Қоқан хандығына тайып тұрды.


Көп ұзамай ол жанына жиырма нөкер ертіп, Ташкентке барды. Күшбегіне сыйға деп сексен сәйгүлік айдап апарып, он шақты күн қонақшылап қайтты. Күшбегі қазақ сұлтанына болаттан тоқылған сауыт кигізіп, алтын сапты қылыш сыйлады. Оған жауап ретінде Саржан патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күрес қимылын өршіте түсуге уәде берді. Оның Қоқан хандығымен жақындасуы, Ташкент күшбегінің қыруар әскермен Орта жүз жеріне келуі, патша өкіметін қатты алаңдатып, мазасын кетірді. Батыс Сібір генерал-губернаторы Иван Вельяминов бірнеше жазалаушы әскер жасағын жедел ұйымдастырып, көтерілісшілерге қарсы аттандырды.


Бес жүз адамнан тұратын жазалаушы жасақ жансыздардың жол нұсқауымен Саржан ауылдарына тарпа бас сап, талап-тонап төрт жүз елудей бейбіт тұрғындары мерт етті. Әсіресе Алтын, Жағалбайлы, Қаракесек рулары қатты зардап шекті. Сұлтанның бір баласы тұтқынға алынды. Қазақ-орыс жасақтары түп ізінен қалмай, қанша қуғанымен жер жағдайын жақсы білетін, ел арасында беделі зор сұлтан қолға түспей, ұдайы құтылып кетіп отырды. Әйткенмен көтерілісшілер патша әскерінің тегеурініне төтеп бере алмай, едәуір шығынға да ұшырап жүрді. Сонда да қалың ел көтеріліс көсемі Саржан Қасымовқа сеніп, оның төңірегіне топтасудан танған жоқ. Сол отыз екінші жылдың өзінде-ақ Қоянды-Тағай болысының он екі ауылы кеп қосылды. Олар Қарқаралы мен Көкшетау дуандарының қарапайым халқынан ұдайы қолдау тауып отырды. Осы қолдау кейбір сәтсіздіктерге қарамастан Саржанның күресті өрістете беруіне өріс ашты.


Отыз үшінші жылдың ұзына бойында ол шағын ғана жасақтармен патша өкіметінің құлақ кесті құлы боп, отарлық тәртіптің шашбауын көтеріп жүрген төрелер мен билердің ауылдарына, бекеттер мен бекіністерге шабуыл жасап отырды. Көтерілісшілердің ізіне түсу күшейе түсті. Оларды түпетектен қуа отырып, патша әскерлері Сарысу өзені бойында Ташкент күшбегі салғызған екі қорғанға тап келіп, табанда қоршап басып алды. «Осы тұтқиыл оқиға Ташкент


 


күшбегін Ресейден қазақ даласын тартып алмақ дәмесінен күдер үзуге мәжбүр етті» деп жазды Барон Ур. Ал оның алты мың адамдық қолмен қазақ даласына кіре тұрып Ұлытауға жеткен жерде генерал-майор Броневскийдің алты зеңбірегі бар мың адамдық әскерінен үрейі ұшып, бетпақдалаға қарай қашуы қазақ жерінен үмітін мүлдем үздірді.


Өкімет әскерлері ығыстырған Саржан Ташкент иелігіндегі өңірде жүріп те күресін бір сәт тоқтатпай, жазалаушы жасақтармен шегіне отырып шайқасып, шабылдауын доғармады. Бірақ Қоқан күшбегінен уәде еткен көмек атымен болмады. Сондықтан Саржан ол тұтса Ташкент билігіне қарасты Ұлы жүздің ортасына келіп, оларды және Сыр бойының қазақтарын патша өкіметіне қарсы күреске көтергісі келді. Алайда өзіне бағынышты ауылдардан айрылып қалам деген қауіп ойлаған күшбегі Саржанның көзін жоймаққа бел буды. Сондай арам ниетпен Қасым төреге балалары келісім жүргізуге келсін деп кісі жіберді. Әкесінің айтуымен жанына жиырма жігіт ертіп келген Саржан мен Ержанды және Есенгелдіні өзбектер нөкерлерімен қоса айуандықпен өлтіреді. Адам айтқысыз бұл зұлымдық туралы сол қанды қырғынның ен ортасында он тоғыз жасар Ағыбай батыр да болған екен. Құдай қағып аман қалған Ақжолтай батырдың немере інісі Шынбай Мыңбаевтың осы оқиғаға қатысты естелігі туралы ұлы ғалым, ғұлама тарихшы Ермұхан Бекмаханов былай деп жазады.


«Өзбектің бектері, келген қонақтарды құрметпен қарсы алды, - деп еске түсірер еді Мыңбаев. – Қонақтарды күтуге бөлінген өзбектердің ортасында бір қазақ бар екен. Ағыбай одан көз алмай қарап отырады. Ол да сөйлесуге


тырысады, бірақ өзбек бектерінің арасында олар тіл қатыса алмайды. Төртінші күні қонақ болғанда кешкі асты түн ортасына дейін кешіктіреді. Қазақ жігіті қолайлы бір жағдайды пайдаланып, Ағыбайға: өзбек бектері бүгін түнде сендердің біріңді қалдырмай бауыздап тастамақшы, ал мен өзі шұбыртпалы руының адамы едім, дейді. Ағыбай оған ат әзірле деп айтуға ғана үлгіреді.


Төрелерге сарттардың арам ойын ишаратпен сездіріп, үйден байқатпай шығарып, атқа міне сап шапқан Ағыбай болған жағдайды Қасымға кеп хабарлайды».


Он тоғызыншы ғасырдың басында орыс отаршылдығына қарсы бас көтерген бұқара халыққа жетекшілік етіп он жылдан астам кескілескен күрес жүргізген Саржан Қасымов осылай опасыздықтың құрбаны болып, өзбек ағайындардың қолынан қаза тапты. Он жылдан астам созылған ол көтерілістің тарихи маңызы аса зор. Шын мәнінде ол азаттық аңсаған халықты алдағы айқастарға әзірлеген саяси күрестің тағылымы мол мектебі болды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу