Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  194


Автор: Жарасбай Нұрқанов

АЙЛЫ КЕШТЕ

(əнге арналған)
Торғын көкте толықсып ай қараған,
Майда самал маңдайдан аймалаған.
Мақпал кеште, жан сəулем, тұрмын тосып,
Қуанта кел, құшақты жай да маған.
Бақытымның көгінде,
Көңілімнің төрінде
Жаңа туған жұлдызымдай
Кел, сəулешім, бүгін де.
Көк құрақты тербеген көлдің лебі,
Үміт отын қозғайды кеудемдегі.
 Жүрек шіркін тағатсыз тосқан сайын
Жүйрік аттай тыпыршып кермедегі.
Бақытымның көгінде,
Көңілімнің төрінде
Жымың қаққан жұлдызымдай
Күл, сəулешім, күлімде.
Айдындағы аққудай қанат жайып,
Келген сəтің, қалқатай, тым ғажайып.
Басыңды қой кеудеме, кермиығым,
Арман жайлы армансыз сырласайық.
Бақытымның көгінде,
Көңілімнің төрінде
Менің жарық жұлдызымдай
Бол, сəулешім, өмірде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу