Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  113


Автор: Серік Сағынтай

Қаладағы кентавр

Ырғақта тербетілген бала бүркіт
сынды боп, алағызып, алабұртып,
бесікте жатқан күнім еске түсіп,
жанардан жас ытқиды жан ауыртып.
Сол кезде-ақ шимайлы еді бала маңдай,
Қыртысты еді Қара жер — жан анамдай.
Құба дала, мен де бір қарагерің,
Қатқақта күн-түн жортқан тағаланбай...
Жас күнді кейін қалай, неге ұмыттым?!
Құр өттім терте басын кеміріп мың.
Далам-ау, теңіз сынды тебіреніп,
Түсіме неге енбейсің, тегі мықтым!
Жауындай жас жанымды ұрған үдеп,
Санамды сансыз сағым шырмады көп.
Түн ауа ақ кеудеме көшті кеше,
Сәби уіл, саз бесік ырғағы кеп.
Сол ырғақ көкіректен сең көшіріп,
Тағасыз тас тұяғым өрге тігіп.
Күн бата қалғып келем қала жақтан,
Аяңшыл автобуста тербетіліп.
Қыртысын қар қымтаған қара жердің,
Қатқағын талай кешкем қалалы елдің.
(Түсімде келеді ылғи дала көргім).
Кеудеме ырғақ салған жүректі ертіп,
Қай жаққа апарасың, қарагер-күн?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу