Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  260


Автор: Исраил Сапарбай

Көркiң-ай, көркiң, беу, сенiң!

Көркiң-ай, көркiң, беу, сенiң!
«Көрсем-ау, шiркiн...» деушi едiм.
Ай шығады екен аспанға,
Батысқа балқып енсе Күн.
Аспанға қалқып шыққан Ай
Арзуымды əппақ құптағай.
Тiлектi iңкəр құп алып,
Жүректi сыңар жұптағай.
Көргенiм құрсын, көргенiм,
Көзiме тұнды көл менiң.
Тежеусiз тентек жүрегiм
Тепкiлеп жатыр жөргегiн.
Көрсетпей қойды көк Айды,
Күлкiсiз күнiм көбейдi.
Мендегi ғашық хал осы,
Сендегi жүрек не дейдi?



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу