Өлеңдер ✍️

  01.05.2021
  229


Автор: Мұратхан Шоқан

Саған жиі жолығам

Саған жиі жолығам, сағынғаным үшін де,
Не деп жатыр басқалар онда менің ісім не?
Ал жолықсам енемін моп-момақан пішінге,
Дұғаланып қалады жыландарым ішімде.

Табам әйтеу мен саған жолығудың бір ебін,
Қиялымда аңсаған гүлзарыңа кіремін...
Жапырақтай күзді күн тастай қашқан тал басын,
Бұл күндері басыма бағынбайды жүрегім.

Есіміңді қайталап күбірлеймін көп іштен,
Тәңірім-ай жаулаймын жүрегіңді не күшпен?..
Уілдесе үкілер үмітімді үркітіп,
Бірдеме деп бидайлар бас шайқайды егістен.

Тыңдай-тыңдай сырымды жамбастайды құлақты ай,
Көлдей жатсам төменде, құяр ма едің бұлақтай?..
Құмнан келер қауіптен ада қылып біржола,
Толқыныммен көгілдір тербетер ем жылатпай.

Патшалардың сарайын көрші өзіңе елес қып,
Қажет қылсаң сыйлаймын ол да маған емес түк...
Тү-ү-у не дедім мен жаңа шатылдым ау жоқты айтып,
Жындандырып адамды жібересің сен өстіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу