Өлеңдер ✍️

  23.08.2026
  21


Автор: Самрат Құскенов

ӘКЕҢЕ ҰҚСАС ЖІГІТ ІЗДЕЙСІҢ БЕ?

Нәзік жандылар қауымы болашақ жарының әкесіне ұқсағанын құп көреді деген кең таралған теория бар.


Естімей тұрмын, мені сіз дейсің бе?

Жүрекке қадалатын біздейсің бе?

Ішіңде бір кішкентай қыз жатқан соң

Әкеңе ұқсас жігіт іздейсің бе?


Сұлу қыз, құрметтеймін шешіміңді,

Өткізсең мағыналы бесініңді.

Әкеңдей асқар таумен теңестірсең,

Шыңымда асқақтатам есіміңді.


Қам жеме, айналамын қорғаныңа,

Септігім тиіп, нұрға толғаныңа.

Ақ жүзің әжім түспей, шырайланар,

Шаттанып ақынға жар болғаныңа.


Алладан өзің болып, сұрағаным,

Жұртқа аян қиялдап жыр құрағаным.

Әкеңде бар дүниені білмегенім –

Бабыңды таппай, тайып құлағаным.


Бізден де наз жете ме құлағыңа?

Жан болып қадам бассаң тұрағыма.

Шешеңмен әңгімелес, жауап болар,

Әкеңнің сыры дейтін сұрағыңа.


Адамзат құрбаны өз мұратының,

Махаббат – құт, ат басын бұратыным.

Біліп қой, әкең төрден орын алса,

Артында ақылды анаң тұратынын.


Жақсылар болды, менің еретінім,

Аталы сөз ертеден теретінім.

Әкеңе қарап, ұқтым, ел сыйлайтын,

Шешеңнің тәлім-тәрбие беретінін.


Дарыным барда неге кем боламын?

Өлеңмен жұрт дертіне ем боламын.

Анаңдай мәртебемді биіктетсең,

Әкеңе ұқсас жігіт – мен боламын! 



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу