Өлеңдер ✍️

  19.08.2026
  21


Автор: Самрат Құскенов

ЖЕТІ ПАРТИЯ

 


Зиянды ма, білмеймін зиялы ма?
Елдің бәрі құныққан ұялыға.
Саяси науқан жатқанда жүргізіліп,
Ештеңе де сыймайды қиялыма.


Ойсыз күнін шаттықпен батырады,
Ойшыл таңын үмітпен атырады.
Жеті атасын білмейтін сорлы қоғам,
Жеті партия үшін бас қатырады.


«Ақ жол» шықты, болғандай сөз келісті,
Елмен бірге жасамақ өзгерісті.
Сайлауалды бағдарын ұрандатып,
Әр кандидат өзара сөз берісті.


«Ауыл» «төрге озам» деп көзге ілесті,
Гүлденсе деп соңынан көш ілесті.
Үміттеніп тұрғанда ертеңінен,
Саясатта бола ма сөзің есті?


«Байтақ» отыр ауаны сақтамақ боп,
Табиғаттың сұлуын мақтамақ боп.
Алға тартып бір «Таза Қазақстанды»
Президенттің сенімін ақтамақ боп.


Қазақстан халық партиясы – көппен дүрмек,
Көп тілегі қашанда көкте жүрмек.
Коммунистік партияның жұрнақтары,
Таңғажайып өмірді көтпен сүрмек.


Атауы жоқ* бір топты саралайсың,
Демократия әлемін аралайсың.
Жалпыұлттық әлеумет мәселесін
Шеше алмай жүректі жаралайсың.


«Республика» атымен жарасымды,
Бағындырмақ өзінше дара шыңды.
Мемлекетті құлпыртып, гүлдендірмек,
Арманы еш таусылмас бала сынды.


Сайлау тыныш өтеді, сенетінім,
Жұртқа аян тарихқа енетінім.
Түспей әуре-сарсаңға біліп жүрмін,
«Әділеттің» қайтсе де жеңетінін.


Жаздыртпайды ешкім де жаман атын,
Алға тарта береміз заман атын.
«Әділеттің» тартқатсақ шежіресін,
Шығар «Отан», «Нұр Отан», «Аманатың»


Партиялар да тегінен айырмайды,
Тектінің қос қанатын қайырмайды.
«Әділетте» тектілік тұрған кезде,
Басқалардың тамыры жайылмайды.


Әрбір орта құрбаны мұратының,
Атым – ақын, асқақтап тұратыным.
Бара жатыр партиямен сабақтасып,
«Әділетті Қазақстан» құратыным. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу