Өлеңдер ✍️

  16.07.2026
  4


Автор: Иран-Ғайып

Жарық күнін Сананың

Жарық күнін Сананың
Күмән бұлты жасырды.
Табытыңа қарадым –
Жүдеп жаным ашынды.
– Өлді! – деді хас надан,
Қапыл топас қоштады.
Қас-қабағын ашпаған
Қан құсты Ақын Аспаны.
Түнегінде қайғының
Жарқылдаған жатты Алмас.
– Тірісің,– деп,– Айбыным! –
Жүрегім тіл қатты алғаш.
Байтақ өлке,
Бай танап
Тіксінісе қарады...
– Тірі! – деді қайталап,
Солған Гүлдің Сабағы.
Төңірегіме,
Құдірет,
Таңырқана қарап ем:
– Тірі!
– Тірі!
– Тірі! – деп,
Күңіреністі Бар Әлем.
...Содан бері, Құлыным,
Өлгенің жоқ мен үшін.
Мен де әзірге тірімін,
Тарттым жырдың желісін.
Бітпейді әкең бір ісі
Ойша өзіңмен кеңеспей.
Өлу деген – дұрысы –
Көрге түсу еместей!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу