Өлеңдер ✍️

  19.06.2026
  21


Автор: Оралбек Бек

Сезім үрпегі

 


"Ғашықтар" циклынан:


Тас жаңғақ та аршылар,
Ебін тап та ашып қал.
Бұл әлемде жоқ шығар,
Сүйіспеншілік ғашықтар.


Болды бұл бір жаңалық, -
Хат арқылы сырластық.
Ешкім жоқта таранып,
Қос жүректі жырлаттық.


Қолымда тұр гүлдестем,
Ашылмаған құндағы.
Суретіңмен сөйлессем,
Бұлқынады бұл дағы.


Жібер дейді бүлініп,
Саған кетпек жүгіріп.
Жансыз бейнең кенеттен,
Жүре берді тіріліп...


Тұрсың міне, қасымда,
Алақанда алақан.
Бұл қызыққа расында,
Тоймайсың ғой қарасаң!


Күн салқыны білінбей,
Қалықтайды қар әппақ.
Үрпектері дірілдей,
Кірпігіңе қонақтап.


Шақ келмейтін қанша жыр,
Сезімім бар соны ұққын.
Көздеріңнен дәл қазір,
Сүйіп алғым келіп тұр.


Көп жігітке ұлы арман,
Басы екеу боп құралған.
Неге жаптың қолыңмен,
Беттің ұшын қызарған.


Бәрін несін қозғайын,
Қанаты жоқ қаздайын...
Сүйкімдісің соныңмен,
Оны қалай жазбайын.


Тас жаңғақ та аршылар,
Ебін тап та ашып қал.
Бұл әлемде жоқ шығар,
Сүйіспейтін ғашықтар.


Оралбек 'Бек


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу