Өлеңдер ✍️
Мәңгі мұзға қашалған сөз өлмейді
Жыр айтса қазақ айтсын — жандыратын,
Арқаңды қамшы салмай қоздыратын.
Қозы, лақ дік-дік басып құлдыраңдап,
Жеріңді қонақтаған жаз қылатын.
Қызыл гүл сары гүлге наз лақтырып,
Көктем ғой ашылатын аздап қылық.
Бықсыған шала шоқтың несі жақсы,
Жалындап кете алмаса маздап тұрып.
Ал, Саха жері қазір ақ боранда,
Айтасың ақ түтегін мақтағанда.
Әлемге аты мәлім сонысымен,
Шүйгін жыр жылылықты жоқтаған ба?
Не деген байтақ дала — Саха деген,
Түркіге — болған қимас Атамекен.
Дос та көп — алғыс айтар
батагері,
Жайдарман жақсылықтың Отаны екен.
Кең болса жері қандай — пейіл сондай,
Жүрген жоқ ешкім мұнда көңіл толмай.
Сол сенім бойыңдағы асып — тасып,
Өзіңді сезінесің сері — салдай.
Ұлылық дариды ғой осындайдан,
Түзелсін кең болмасаң қосың қайдан.
Жүрек кең, далаң — ұлық, сол себепті,
Сақтап жүр Көктәңірі тосын жайдан.
Пейілі көк мұхиттан бір кем емес,
Сахадан қазақ елі бөтен емес.
Десе де, жалпы Түркі салты бірдей,
Жүрмейтін екі ортада тентек елес...
Саханың жеріне тән тұрмысы бар,
Қажет пе, итшанасын құйғытып ал...
Шығасың ақ бораннан есен-аман,
Жек дағыһ хаскилердің үлгісін ал!
Ақ аю қорбаңдайды білдей-білдей,
Қасында қонжығы бар күндей, күндей...
Қазақтың ақ шапанды қариясы,
Жетектеп немересін жүргеніндей.
Жаратқан жатсынбайды мұның бәрін,
Салт-дәстүр — сол ғой нағыз шыбын-жаның.
Түркінің өлім білмес өсиеті,
Қояды қайта орнына жұлынғанын!
Өтеді қызықтаумен күндерің кей,
Ой да бар бұлқынатын жөнге жүрмей.
Көк Тәңір Табиғатпен егіз тұлға,
Бұл сөзді ұғасың ғой тілге келмей!..
Бермейді бұл сыйлықты қанша тіле,
Тұрғандай келіп мына жер шетіне.
Оймыштап "Қазақ-Саха" деген сөзді,
Кім жазды, сірескен көк мұз бетіне!
Өшпейді жазылған сөз мәңгі мұзға,
Сол жерде тұрады еш жарғысыз да!
Ары өткен, бері өткендер тәу етеді,
Жүрегі жылынады қар ма, сыз ба!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇