Өлеңдер ✍️

  19.06.2026
  10


Автор: Оралбек Бек

ТҮРКІЛЕРДІҢ ҰРАНДЫ ПЕРЗЕНТТЕРІ

 


Аңыздың да түбінде бір шындық бар,
Шаңдай ғана болсын мейлі, көлемі.
Өз халқының өткеніне ынтықтар,
Сонымен де шөлін баса береді.


Тесік өкпе перзенті де түркінің,
Қара ошағын иісінен сезеді.
Қасиетті "Олонхоның" тамтығын,
Мың жыл өтсін, ұмытпайды өзегі.


Тұңғиықтан тамыр тартқан Бәйтерек, -
Қартқазақтың бір бұтағы - "Олонхо"!
Қарт Қаратау тарихын көр қайта елеп,
Қазығұртта қанша тармақ көлеңке?..


Алып құшақ "Олонхоның" перзенті...
"Нұргун Боотур" - жыр біткеннің қаймағы.
Ерлігіне толғау айтса жер беті,
Басын иген көкте тұрған Ай дағы!


Бүкіл Түркі әлемінде бұл текті,
Айтары асқақ, көлемді жыр болмаған.
Өр өлкені - ұлтына аса құрметті,
Түрлі апаттан, зұлым жыннан қорғаған.


Батыр еді бойы тіп-тік найзадай,
Дауысы күннің күркіріндей жойқын-ды!
Қимылы бар - соғып өткен найзағай,
Бес қаруы төгетін-ді жарқылды.


Әділдік деп ыстық жанын қиятын,
Кім бар мұндай асқар тауға шақ келер.
Қарлығаш та қорғайды өз ұясын,
"Айдаһарлар" ұсақ- түйек зат көрер!..


Ерлік керек! Ерлік керек!
Қазаққа да, Сахаға!
Көк Тәңірге, атқан таңға қолың жай,
Қолдай берсін Су ана мен От ана!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу