Өлеңдер ✍️
Әбжылан...
Несін айтып жатайын себептердің,
Алтын көпір емес қой бәрі өткелдің.
Кезім де көп сенімім селкеу тартып,
Өзімді өзім жоғалтқан кенеттен бір...
Білмейтінмін, ұштым ба, құладым ба,
Жым - жырт болып қалатын құлағым да.
Уа, сұм өмір, бәріне өзің куә,
Артық әлпеш мен сенен сұрадым ба!?.
Шүйкілдетіп тар кеудем аспан жырын,
Балапанын шайқайтын батпан мұңым.
Жұлым-жұлым күлтедей жұлма жүрек,
Қып-қызыл боп осылай ашқан гүлін...
Сезім болды, аяулы таңды сүйдім,
Шұғыласын сімірдім нәрлі сыйдың.
Мейірленген көз көрсем бөбегіне,
Кірпігіне иіліп алғыс ілдім.
Бөрте-еліктей келмейді жыр алыстан,
Сөзге дертіп сүлейдей құрақ ұшсам.
Орнын тапса бір түгі айтарымның,
Қауырсындай қалқыдым қуаныштан.
Тағдыр шығар, мендегі көк те бөлек,
Күн де бөлек, сәулесін төккен ерек.
Әбжыландай өлеңге оратылсам,
Бұдан артық әлемде жоқ керемет!
Оралбек Бек
18.07.2021 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter