Өлеңдер ✍️

  18.06.2026
  13


Автор: Оралбек Бек

ЖҰТ

 


Маса, шіркей...
құжынап шіркіндерің,
Көк аспанның кім көрген күрсінгенін,
Уақыт жүр бір уыс жарғақ шалдай,
Тулақ болған сүйрелеп құр сүлдерін.


Секілді бір аямай ұрған жақтан,
Жер бетіне сор төгіп шимайлатқан.
Бәлкім жұтты әкелген мына шілде,
Тау төбесін оймыштап ніл қайнатқан.


Тісі ақсиып, шашылып шудалары,
Түйелердің бос қалды бұйдалары.
"Қамбар ата", ырсиды әпсүнсіз-ақ,
Болды лезде ай менен күн қаралы.


Түк қалмады шаңырақ, уықтардан,
Жоғалғанын сұраңдар ұлықтардан...
Ақтөс жатыр салақтап қызыл тілі,
Кірпіктері ыстыққа күйіп қалған.


Көбесіне қылпыған қылыш ілген,
Күні кеше кем еді күйі кімнен.
Бүркіт отыр бақанда көзін жұмып,
Қанатының ұштары үйітілген.


Қылтанақ жоқ адырда, жоқ қурай да,
"Ебелектер" жел қуған тартты қайда?
Не дауа бар, мұңсыздан қырсыз туса,
Көлеңкесі...
Өзі де тоқ "құдайға"!


Оралбек Бек
11.07.2021 жыл



 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу