Өлеңдер ✍️
ҰЛҚОРҒАН
Табатын биігінен сұңқар бағын,
Егізтау - Қызқорған мен Ұлқорғаның.
Өріп жүр бауырында кіл асаулар,
Батырлар аяқ артқан тарпаңдарың.
Шығатын түртіп қалсаң күресіннен,
Ұлқорған кенде емес ұлы есімнен.
Қурайды сазгер еткен есірік жел,
Бұл жақта күн есілген, түн есілген.
Салмағы алтынға тең ат басындай,
Сақтаған құпиясын жатқа сынбай.
Екі тау қатар тұрған иықтасып,
Қария Қаратаудың қақпасындай.
Аталған "Бір есік-тей" жері қандай,
Ес жиған жүрген жандар шөлі қанбай.
Құздиған қос өркешті мына шатқал,
Түйесін жетектеген жөгі шалдай.
Көзінің шарасында сағым кілкіп.
Барады топ-топ киік қалыңға үркіп.
Бір нүкте көк аспанда қараяды —
Қарнының ойлап жүр-ау, қамын бүркіт.
Жұлқынтқан, әйтеуір, бір себеп деген,
Бұл тауда, қарап тұрсаң, не өтпеген.
Шибөрің кісінеген заман болған,
Қарғалар тұмсық тартқан өлекседен.
Соғады қай боран да кері айналып,
Еліңді көркейтпейді өгей жарық.
Шығады тоқырау да тоқшылықтан,
Отанын сатпайды еш кедей налып.
Сақталған Ұлқорғанда тәңір демі,
Дұшпанды қызықтырған сәні ілгері.
Күрсініс жұлсын, мейлі, қабырғаңды,
Зар айтып дәлелдерсің қазір нені?!
Әр күнін,
Қалт жібермей әр сағатын,
Етпестен көзден таса сай саласын.
Тұрған ғой Ұлқорғанда қыршын ұлдар,
Күзетіп Алтын Орда салтанатын.
Өмірде естен шықпас сәт болады,
Шығатын мың-сан жылдық хаттан аты.
Қызқорған, Ұлқорғаның - егіз ұғым,
Секілді ай мен күннің - қос қанаты!
О, тоба, ұмыттық қой соның бәрін,
Аяқпен таптап зират-қорымдарын.
Ойланбай, аттап кеттік қай киеден,
Түсіңде қинамай ма, жаныңды арың!
Ойласаң өзің жүрген ғасыр қамын,
Не керек, күпінгенің, тасынғаның.
Қоя біл, екі ескерткіш егіз тауға,
Оянсын деп тілесең асылдарың!
Көкесі Жаңғырғанның сонда болар,
Алғы ұрпақ еңбегіңді шамға балар.
Жан жағы жасыл орман тербетілген,
Ақ кептер ақ байлаған талға қонар!
Оралбек Бек
9.07.2021 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter