Өлеңдер ✍️
Тәтті әрі ащы тұз
Жыр айтамын халқыма,
Мүсін қойып артына.
Тыңдау тәңір сыйлаған,
Кісіліктің парқы да!
Кеңге салдық құлашты,
Ойларымыз қыр асты.
Бұл жалғанның тұзы да,
Тәтті әрі тым ащы...
Боламыз деп "бас әріп",
Танауларды жоса ғып.
Балалық қой - бозтайлақ,
Талай "қырғын" жасадық.
Есті жидық ертерек,
Жалқаулықты желкелеп.
Тер сыпырып маңдайдан,
Еңбек ету өзгерек.
Білек деген сом болды,
Жастық, шіркін, оң болды.
Жүрек жүрді дүрсілдеп,
Ең қызығы сол болды.
Домбырадан күй борап,
Дүркірейтін бар тарап.
Аспан төрін әп-сәтте,
Тастаушы едік әнге орап.
Елік көрдік көрікті
Биге ол да келіпті.
Неткен ғажап дүние,
Жақсыдан кім жеріпті.
Уайымсыз сол бір шақ,
Еш күнәсіз мөлдір шақ.
Артымыздан ертеңге,
Қалдыратын көз моншақ.
Желдің жауы ебелек,
Гүлдің жауы көбелек.
Бұдан да өттік, өкпесіз,
Естен шықты не керек...
Тұлпар міндік көсіліп,
Жүйрік желдей есіліп.
Жүруші едік кетсе де,
Өкше күстен тесіліп.
Жігітке тән есендік
сұрау, оған төселдік.
Бойды билеп егделік,
Парыз болды - көсемдік.
Ойды шағып сұрмерген,
Сөз сөйледік мінберден.
Кем емес қой сол бір кез,
Төбе тескен шілдеңнен.
Таңсық емес ешкімге,
Зар айттың не, бөстің не.
Сөйлемесең орысша,
Бұл ортаға қаспын де.
Қысқасы сол ұққанға,
Халқын ардақ тұтқанға.
/Көз жұмылар, ес кірер,
Бәрін жылан жұтқанда!../.
Қайдан шыққан білімді,
Кім биледі тіріңді.
Анаң иісі аңқыған,
Өлтірді ғой тіліңді.
Талай боздақ қор болды,
Қанаттылар торда өлді.
Қазағымның басына,
Бақыт емес, сор қонды.
Ашыққан жұрт кетті елден,
Бағын іздеп кетпеннен.
Қарынды ұры шіренді,
Осы қалды өткеннен!
Ісіп-кеуіп кекіріп,
Цифрлар жүр көпіріп.
Шылқып жатқан даңқы бар,
Тәуелсіздік өтірік!
Шалмасын деп өңін кір,
Иен далада өмір тұр.
Өрім-өрім өлкеде,
Өрмекшілер өріп жүр!..
Оралбек Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇