Өлеңдер ✍️

  17.06.2026
  11


Автор: Оралбек Бек

Жаз келді

 


Жаз келді жадыратып бар маңайды,
Құйғандай көңілашар шамға майды.
Күн батты. Кешкі шапақ алтын шашып,
Төріне қазағымның жаймалайды...


Ақ гүлдер күлте-күлте күлім қақты,
Жүректі сезім шіркін, шымырлатты.
Не жетсін толған айға он бестегі,
Толықсып аралаған түнгі бақты.


Бұл шақта бой жазады үміт керім,
Тал-терек бұрқыратып түбіттерін.
Аспаннан өз жұлдызын көру үшін,
Жаппайды жас отаулар түндіктерін.


Биікке ұмтылмай еш жеңіс күтпе,
Еңбекпен жал бітеді егістікке.
Баптайды ақүрпегін мұзбалақтар,
Шыңдардан көз салсын деп кеңістікке.


Жаз айы қашаннан-ақ жанға жайлы,
Адамдар жақсылықты армандайды.
Жамандар жайсаңнан да жау жасайды,
Жайсаңдар ештеңеден қорғанбайды.


Оралбек Бек



 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу