Өлеңдер ✍️
Менің туған күнім
Күлімдей бер, алтын күн, күлімдегін,
Туған күнім екен-ау, бүгін менің,
Несін айтам, есте жоқ, доп қуалап,
Жер үстінде бала боп жүгіргенім.
Қу тағдырдан алдық қой алатынды,
Десте-десте оратын, шалатынды.
Мен өмірге келгенде сезінгенім,
Бұл дүние қап-қара болатын-ды...
Кісі үркетін көргенде қалжасынан,
Тұрушы еді вокзалдар тым жасыған.
Дүңкілдейтін пойыздар күндіз-түні,
Түтін құсып кеңірдек-мұржасынан.
Оқ пен дәрі арқалап - түрлі "итіңді",
Жоғалатын составтар қылғи түнді.
Соғыс көрген вагондар шұрық-тесік,
Үңірейіп көздері сырғитын-ды.
Жаралғалы көрмеген тыным алып,
Шпалдардан қара май - жылым ағып.
Әне-міне шашылып қалатындай,
Жатушы еді рельстер ыңыранып.
"Хитрый базар" дейтін-ді вокзал маңын,
Базар жайын, айтпаймын тозаң-шаңын.
Отыратын бір сорлы сырнай тартып,
Жырға қосып қу соғыс "тажалдарын".
Екі аяғы жоқ еді ол бейбақтың,
Білмейміз ғой иесі қандай бақтың—
Шпион боп ұсталып кеткенінде,
Құп-құйттай боп менде оған таңдай қақтым.
Кім кетпеді, кім өрден құламады,
Пенделердің бола ма сұрағаны.
Әлі есімде Сталин өлген күні,
Аңқау жұрттың аңырап жылағаны.
Содан бері кетті өтіп қаншама жыл,
Уақыт болды бітетін шыршаға гүл...
Айт, мейлі, айтпа, жарығым, білетінім,
Кетті бірге түтіліп, құм, шағалың.
Туған күннің білмеймін не екенін,
Құз екенін немесе жел екенін.
Той тойлаудан даңқ іздеп жүргеніңде,
Жаулар келіп түрмесін ел етегін!..
Оралбек Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇