Әңгімелер ✍️
ЖЕТІ ПЕРІ ЖАЙЛАУ
3. Еркектердің өмірі рахат дейсіз... Ендеше көріңіз!
ЖЕТІ ПЕРІ ЖАЙЛАУ
(досымның әңгімесі)
Менің бұл көргендерімнің жанында, ертеректе әжелеріміз айта беретін ертегілер жайына қалады ғой деймін. Неге? Негесі сол, әжелеріміз айтқан ертегілерде құлақпен есіткенің болмаса, көзбен ештеңе көрмейсің, қолмен ештеңе ұстамайсың! Ал, мұнда ше?..
Жеті пері жайлауы әудем жерді алып жатыр. Дәл ортасында бұрқыраған бұлағы, кішкентай ғана, айналасы шақпа тасты, дөп-дөңгелек сүйкімді көздей көлшігі болатын. Бұл аймақта малшылардың жалғыз қорасы қалқияды, оның өзі де бос тұр, басында үкімет салып берген, артезиан құдығы, тәп-тәуір үйі де бар еді, қазір ол да құлауға таяу. Өйткені, қандай бір ержүрек малшы болсын, бұл қорада бір ай да тұра алмаған. Олардың көпшілігі есінен танып, не істеп жүргенін өздері де білмей есеңгіреп, соңында бұл жайлауды енді көрместей болып кете баратын. Ештеңеге сенбейтін, өзін батыр санап жүретін адамдар да бар. Әсіресе, біздегі азғана немістер мен орыстар бізді күлкі етіп бітті. Сондағы айтатыны, сендердің жын-перілерің біздің тілімізді білмейді, сондықтан бізді мазаламайды деп қарқылдайтын... Бұлар мал бақпайды, тек техникамен айналысады. Шындығында темір-дүкенге ештеңе жолай қоймайтын шығар деп иланайын десең өткен жолы, Ботанның соқасына отырып алған мүйізі бар ешкі қайдан шықты. Және ол ешкі қазақша анық сөйлеген. Қорықпайтынның бірі осы жігіт еді, содан бері тілден қалып ауруханада жатыр.
Жұмыс бабымен ары-бері жүргенде осы жеті пері жайлауынан өтеміз. Әрине, сақтанып жүреміз. Ерте көктем кезі болатын. Бұл кезде малдың жем-шөбі азайып, жіңішкенің үзілетін кезі ғой. Мен көрші ауылға бір жиынға бармақ болып, көк есегімді ерттеп мініп жолға шықтым. Түс әлеті. Жеті пері жайлауына жақындап қалғанмын. Әдетте, ештеңе болмайтын иен жайлауда бүгін бір қарбалас болып жатқандай. Алыстан байқадым, жайлауды бойлап қатар-қатар өгіз арбалар жылжып барады екен, арбалардың үстінде көкпеңбек шалғын шөп, арқанмен бастырып тартпаған секілді, желп-желп етеді. Айналасында көздің жауын алатындай сәнді киінген қыз-келіншектер. Сыңқылдай күліп, сызылта әндетіп кетіп барады екен. Жан-жағымның бәрінен көк майсаның сүт иісі аңқып кетті.
Сұлулық пен әсемдіктің құдыретіне тұтқын болған адамға не дерсіз. Кейде сурет те салғым келетініне кім қандай уәж, кім не айта алады. Адамды есінен тандыратын да ең бірінші осы сыртқы сұлулық!.. Мен оларға қолымды бұлғадым.
Керуеннің тоқтайтын түрі көрінбейді. Сайын далада еркін көшіп келе жатқан ұлы көш секілді. Сығандар ма деп те қалдым. Кейде ауыл аралап қызылды-жасылды киінген көңілді сығандарды да көзіміз шалған ғой, мүмкін солардың бір таборы шығар. Не де болса көштің алдын орағытайын деп көк есегімді тепкілеп қиғаштау салдым. Бір қарасам ұзаңқырап кеткен екенмін. Әлгі қыз-қырқын шулап, арт жағымнан маған қарай қолдарын бұлғап шақырып тұр. Сөйтсем, олар кері бағытқа кетіп барады екен. Сонан соң қайта бұрылдым. Өзімнің жүрісіме ұялып та қалдым. Соңдарынан қуып жеттім. Есегімнен түстім. Ұяла-ұяла амандастым. Біздің қазақ әдетте, әйел баласымен қол алысып амандаспайды. Мен ол дәстүрді сақтадым. Көктемнің көркіндей не деген сүйкімді орта, көрікті жастар деп таң қалдым, арасында өзіміздің ауылдың қосетек қыздарына ұқсайтындары да бар екен. Таныс та сияқты. Малынтып киіндіріп қойса олар да осылардай болар еді ғой деп ойлап та қоямын. Оның үстіне қай уақытта тігіп үлгергенін білмеймін, шөп артқан арбаларды айналасына қоршап, дәл ортасына әсем бір киіз үй көтеріп қойған екен, ол үйдің іші де гу-гу етеді. Ішінде керемет той болып жатқан сияқты. Далада қазан-ошақ қайнап жатыр, ары-бері ас-ауқат тасығандар да көңілді. Мен мұндай жайдары жүзді кісілерді өмірімде көрмеген едім. Маған мына қыз-келіншектердің арасы қызықтылау болды да, киіз үй жаққа мойын бұрмадым. Бір шеттен ән кетті, бір шеттен би кетті... шекемтасқа кіріскендері де бар, қайда жүргенімді ұмытып та қалдым-ау деймін. Маған, әсіресе, ұнағаны осы топ қыздың ішінде ерекше біреуі болды. Ол от қыздың есімін сұрау былай тұрсын, жүзіне қараудың өзі мен үшін қиын болды... Сонда да болсын, мені көк есекке мініпті деп ж
атырқап жүрген де ешкім жоқ. Бір кезде ішке кіріңіздер деген дауысты есітіп, қыздармен бірге мен де үйге бас сұқтым. Далада состиып жалғыз қалып кетуден ыңғайсыздым.
Үйдің ішіне кірсек, басқаны білмеймін, мен өзімнің бұл таңғалысымды сөзбен жеткізе алмайтын шығармын. Керегені жағалай дөңгелене отырған кісілердің ең үлкені болу керек, төрде бет-жүзі нарт қызыл бір кісі отыр екен. Мұндай сәулетті ақсақалды бұрын көрген емес едім, сол кісі маған бір қарады да: "адамның иісі шыға ма?.." дегенін құлағым шалып қалды, екінші біреуі: "жас бала екен ғой, асқа келсін" деді. Қолымды дастарқанға соза бергем, одан арғысы есімде жоқ...
Есімді жисам, бәрі тып-тыныш, кеш болып кеткен, өзім мүлгіп қолыма уыстап алған есегімнің тезегін ауызыма енді салмақшы болып отыр екенмін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇