15.06.2026
  12


Автор: Оралбек Бек

АЛБАСТЫНЫҢ /йети/ ЖҮРЕГІ

1. Еркектердің өмірі рахат дейсіз...
Ендеше көріңіз!


АЛБАСТЫНЫҢ /йети/ ЖҮРЕГІ


Саясаттың сойылын соғып жүргендіктен түпкі себебін айтпай-ақ қояйын. Мен өзім біраз уақыт қуғын-сүргінде болдым. Бір досым бар еді, жұмбақ жағдайда бақиға аттанды. Мен қауіп бар екенін ескертіп едім, онда, заң не үшін деп қасарысты. Шындық ешкімге ұнамай қалды. Елден жалғыз кеттім. Ең осал шегара Өзбекстан және Тәжікстан болу керек деп ойладым. Сонымен жолға шықтым, бағытым - Үндістан. Мен бұл жолды ептеп білемін. Памир таулары маған таныс еді, үш жыл бойы аралап, кезінде дәрілік шөп дайындағанбыз. Жолда Бұқара базарына арнайы соғып Калашников автоматын үш магазинімен небәрі отыз долларға сатып алдым. Тәжікстаннан ары қарай алып тауды бетке ұстап жаяу кеттім. Тәжікстан таулары өте биік. Мамыр айының 10-күні шықтым деп күнделігіме жазып қойдым. Жобада бір жарым мың шақырымдай жол жүруіме тура келетін шығар... Және қандай жол! Екі-үш қабат бұлттан асуға тура келеді. Дәл қазір тау соқпақтарының өте қауіпті екенін де білемін. Ол заманда отанынан қашып жаттан араша іздеп жүрген жалғыз мен емес. Оның үстіне оң жақта Ауғаныстан соғысынан жалтарып жүргендер бар. Сондықтан адам ізі түскен соқпақтан аулағырақ жүруге тырысамын ғой. Алғашқы бір-екі апта тыныш өтті. Тауда азық көп, таудың саңырауқұлақтары, қар құрттары жеткілікті. Мен бұл қар құрттарының дәмін бұрын да татып көргенмін. Тәжіктердің сонан соң тау аюларының ең сүйкімді асы бұл. Тауға тереңдеген сайын қиындық та көбейетіні белгілі. Бірақ, амал жоқ, жүруге тура келеді. Ішкі сенімің болмаса қайратың күшің әп-сәтте күйрейді. Десе де, адам өлтіріп емес, өмір сүру үшін бәрінен баз кешіп жүрген жолаушының қуаты, ыза буған жыртқыш секілді болады ма деп қалдым, шаршауды сезінбедім. Артымда қанша бала-шаға қалды. Олар менің қайда кеткенімнен тіпті хабарсыз. Жасыратыны жоқ, елде ашаршылықтың төбесі көрініп, момындардың көздері тұманданып, озбырлардың түтіні шалқып қалған кез. Кембағал таптың жоғын жоқтаған ат төбеліндей журналистердің жүрісі мынау. Үкімет қалам ұстағандарға да қарумен жүруге рұқсат берген, бірер апта дайындықтан өткізген. Бірақ бұл екі жаққа да тиімді болмады. Дүкен дегендердің сөрелері бәрібір толмады, қару жүрген жерден кісілік пен мәміле безіп кетті. Оны ойласаң тіпті құлазып кетесің.
Тау басының қары қалың, маусым айының ортасы болып қалғанымен кейде үскірік пайда болады, бірақ аяз жоқ. Мұнда аң, құс өте көп. Жыртқыштар да жетіп айырылады, айдаһар да, аюлар да, жабайы адам - албастылар /йети/да бар деп есіткенбіз. Бірақ, маған әлі кездескен жоқ. Менің жол жөнекей ермегім әрі азығым ұсақ аңдар, балықтар. Мен әлі аңға қару пайдаланған жоқпын. Аңшылықты кәсіп етпесем де осы жолда оның қыр-сырын игеріп алған сияқтымын. Оның үстіне өзім бала кезімнен өте сезімталмын. Мен бөтен-бөгде дыбысты құлақпен емес бүкіл денеммен тыңдаймын... Ұйқым да өте сергек. Басы артық жүк жоқ менде, бар болғаны жалғыз былғары сөмке. Оның ішінде қанжарым бар, күнделігім және автоматтың екі магазині. Шопандардың брезент плащы үстімде. Болды.
Түс шамасында көк шөп үстіне басылған аяқ дыбысын құлағым шалды. Аяқкиімі жоқ аяқ. Сақтыққа кірістім. Бірақ ол дыбыс көп ұзаған жоқ, қалып кетті. Жай нәрсе шығар деп онша мән бермедім. Таңға жуық қана бір сағат, жарым сағат көз шырымын алғаным болмаса өзім үнемі жолдамын. Бүгін де солай дем алуға қисайдым. Ұйықтап та үлгермеген сияқтымын, әлденеден селт етіп оянып кеттім. Тып тыныш. Таң бозарып қалыпты. Басымды көтеріп, жан-жағыма қарасам, дәл қасымда әлдебір құс жатыр екен. Ұстап көрсем қырғауыл. Арам өлген, қатып қалыпты. Лақтырып жібердім. Біреу әкеліп тастаған шығар деп ойламаппын. Өз жолыма түсіп жүріп кеттім. Түс әлетінде кешегі салмақты аяқ дыбысын тағы да сезіндім. Мынандай алақат қар, пышақтай қаратастың үстінде кім жалаңаяқ жүреді деп біраз бас қатырдым. Тауда нешетүрлі дыбыс болады, үкінің күркілін, байғыздың жылаңқы дауысын, шибөрінің жас балаша еңірегенін, жабайы қойлардың мекіренгенін, құстардың неше түрлі сайрағанын өзім жақсы білемін. Олар қорқынышты емес. Бірақ, мына жалаңаяқты білмейді екенмін. Жымын білдірмей жер бауырлайтын жолбарыс


та мұндай салмақ болмайды. Ақырында, әй, қойшы соны, дедім де бағытыма жылдам басып кеттім. Қазіргі түрімді біреу көрсе не дер екен, өзімнің қандай болғаныммен ісім де жоқ.
Таңға жуық тағы да селт ете қалдым да қарғып тұрдым. Айналаға көз сүзсем ештеңе көрінбейді. Жатқан орныма қайта бергенде, көзіме таныс қырғауылды байқап қалдым. Бұл бір жұмбақ болды. Қолыма ұстасам басы жоқ, денесі жұмсақ екен. Не де болса көрейін, адал өлген құс қой деп от жағуға кірістім, таң атып жарық болды. Қылғауылды отқа қақтап пісіріп алдыма алып бұтарлап жеп отырмын. Қанша қырағы болсам да мұндай оқыс оқиғаны мен өмірімде көрген емеспін. Қарасам қарсы алдымда сұмдық бір алып жануар отыр екен. Кәдімгі адамша шөкелеген. Бетіндегі қалың жүннің арасынан шүңірек екі көзі мені тесіп барады. Дір ете қалдым. Бірақ білдірмеуге тырыстым. Оның жүзінде қаскөйлік жоқ екенін де байқап үлгердім... Құс етінің бір бөлігін пышақ ұшына іліп алдым да әлгі жабайы адамға ұсындым. Жабайы адам біртүрлі дыбыс шығарды, тістері ақсиды. Байқауымша аналық болу керек, өйткені екі омырауы салбырап тұрды, денесінің жүндері ақшыл қоңыр, шашы қызғылт сары. Қолдары өте ұзын екен. Саусақтары ше... бір қарыс, біреуінің жуандығы менің үш саусағымдай. Осы саусақтарымен жабайы адам мен ұсынған етті іліп алды ауызына апарды. Апарғанын қайтейін, бір түшкірді де, қолындағы етті лақтырып жіберді. Мен күліп төмен қарадым, қайта бас көтерсем жоқ болыпты. Мен жабайы адамның осынша денемен жылдамдығына таң қалдым. Құдды ұшып кеткендей.
Бірақ, жабайы адам сол күйі менен ұзап кеткен жоқ, есесіне күнде бір қырғауылдың басын жұлып маған білдірмей тастап кетіп тұрды, көзге көрінбейтін жолсерік болды. Сөйтсем, мені қаңғыбас аңдардан қорғап жүрген екен ғой. Не деген мейірімді жүрек! Кейіннен мені тіке келген ажалдан құтқарып, оның өзі өліп қалатынын мен ол кезде білмеген едім.


ОРАЛБЕК БЕК


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу