Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (43)
Әке көрген оқ жонар, жауға шабар,
Намыссыздар ұлтына таңба салар.
Қандай ұрпақ артына тастар екен,
Жүрген жері бүлдіргі қанжосалар.
***
Міне, жұмбақ, қасқа бас мамандарға,
Түсінетін осыны адам бар ма?
Көңді неге тамсана қылғытады,
Жүз жыл өмір сүретін қара қарға.
***
Өтті өмірден үлкендер түк деместен,
Тағдыр кейпі бәрінің шыққан естен...
Қозғай көрме ол заманды, қу шекеге,
Секілді бір шиедей бөрткен өскен...
***
Бұл жалғанда түрі көп сыздауықтың,
Сауатсыздар барады дінге ауып тым.
Сақал сатқан, сөз сатқан, құран сатқан
Жүріп-ақ тұр саудасы қырма мұрттың.
***
Соқа басым сорайып сор жамылып,
Сортаң жерде келемін зорға жүріп.
Жақсы екен ғой дәл бұдан әлдеқайда,
Жүрген шағым есекке, тайға мініп.
***
Қыр астым ба, білмеймін, бел астым ба,
Жарқанаттай жарықта адастым ба?
Әдет болды ой аулау тұңғиықтан,
Түні бойы отырып ай астында.
***
Адамзатты кететін өкіндіріп,
Қару жасап, сәт сайын жетілдіріп,.
Жыртылып жүр әңгүдік ғалымдарың,
Қызыл қанға жер бетін шомылдырып.
***
Жойылады тіршілік түптің түбі,
Сол болады рухани жұттың түрі...
Қайран жерді мәңгілік шаң басады,
Әй, тойымсыз адамдар, ұққын мұны!
***
Елде бардың алаяқ бәрін алды,
Үңірейіп орнында сағым қалды.
Момын қазақ сол иттің несін жеді,
Кім біледі дәл мұндай жарымжанды.
***
Ойлап кетті шалғайды қазақ бүгін,
Жон арқасын нілдей жеп азапты күн.
"Біз тәуелсіз елміз!" деп кімді алдаймыз,
Болмаған соң жоқтықтан азаттығың!
***
Өз елі үшін әркім-ақ, қамығады,
Алыс кетсе аңсайды, сағынады.
Әлемге аян қазақтың шырқауынан,
Сол аңсаудың атасы табылады.
***
Жылжығандай ала жолбарыс еппен,
Есік ашып келді күз - сары шекпен.
Қуаласпақ ойнап жүр жапырақтар,
Секілді бір міндетті жарыс өткен.
***
Ызғырықтар басталды аяз бүркіп,
Көлден балық шықпайды, саязға, үркіп.
Мен отырмын бүркеніп жағалауда,
Бас жағымды не түрлі қиял түртіп.
***
Аты да көп арманның, заты да көп,
Біреулер бұл "байлығын" сатып әлек.
Күзгі жел жүр ұрғылап терезені,
Миды шағып кетердей қапыда кеп.
***
Бүлк-бүлк еткен майшамдай түгесіле,
Ақын отыр түспестен түк есіне.
Қиық ай тұр қылтиып тау басында,
Қол жүгіртіп бұлттардың сүбесіне.
***
Мұңданамыз, әрине, кейде күзде,
Қалғандай бір шер қатып жейдемізге.
Қайсысы көп, опасыз бұл дүниеден,
кеткен із бе,
әлде сол, келген із бе?
***
Ұғымына кемақыл әумесердің,
Қызыл гүл де дәл өзі тіл кесердің.
Таңда ашық күлтесі кеште жабық,
Жаршысына сезімнің шендесер кім.
***
Күйсандықтан сайрауық құсты ұшырған,
Кімді көрдің, байқашы, тұс тұсыңнан.
Сырлы аяқтан ешқашан сын кетпейді,
Болмаса да асты шаң, үсті сынған.
***
Айып па, түн перісі - айға қарау,
Көрінетін көзге қай қайдағы алау.
Өмір-өзен, өткелі, құяры бар,
Сенің келе жатқаның қай жағалау.
***
Күн құлады қызарып ұясына,
Жер бетіне түн түсті тым асыға.
Тұман жетті жер сызып бауырымен,
Қоналқаға келгендей құдасына.
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter