Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  11


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР (29)

 


Адам-адам! Жабайы өскен мал емес,
Ол жағына жоқ қой енді алаң еш...
Мал екеш мал, тапқанда өз өрісін,
Адам жүрген жерің неге төбелес...
***
Жердің шөбін өсіретін жел болар,
Жел көрмеген жерге қалың шер қонар.
Көкке көзін тігіп өлсе ебелек,
Тасқа тұмсық жонады екен қарғалар.
***
Шөп дегенің жылда қайта шығады,
Дала шіркін, жайқалып-ақ тұрады.
Бір-ақ рет келмей ме адам өмірге,
Маңдайында жанып өмір шырағы!
***
Белгілі ғой ешкімнің де тозбасы,
Ештеңемен уланбаса ағзасы.
Қартайғанда тағдырына құрт түскен,
Өкінішті кейбіреудің көз жасы.
***
Көз ұшында керуен-керуен жол жатар,
Таудың басы мұнарланып таң да атар.
Аспанында жетім торғайға орын жоқ,
Қу дүние саналыны шаршатар.
***
Көрік берген мына қия - беткейге,
Іздер қайда, арман қуып кеткен бе?! -
Тым асығыс сенің қиғаш қасыңдай,
Аспаны кең... мәңгі жасыл көктемге.
***
Жарық болған анығым да сен едің,
Бойдағы қан тамырым да сен едің.
Шаршап қалсам шарығым да сен едің!
... Іздеп сені, мен де ілбіп келемін.
***
Бейнең сенің артық еді асылдан,
Сыйпағандай болып тұрсың басымнан.
Кешір мені, теңдесі жоқ картинам,
Тар кеудеме қаламсапсыз жазылған.
***
Мінез-мінез! Мінез нені айтады,
Оның да бар таусылмайтын шаңдағы...
Бұл өмірдің бәрі күңгірт, сондықтан,
Өкпе-назың... жоғалсыншы ол дағы.
***
Күлсін бәрі, күлсін мына жас көрші,
О, тағдырым! Көзіме ыстық жас берші!
Таппай тұрмын мына апақ-сапақта,
Жүрегіме аттандырар басқа елші!..
***
Ащы сөздер айтылмайды, жай, тегін,
Досым болсаң, күйім осы, айт емін.
Сұм өмірдің соңғы сүмелегіндей,
Тағдыр мені ақын етті, қайтейін?..
***
Тереңінің көрінбейтін сүргіні,
Аспанның да бар жасылы, күлгіні.
Отырардай орындықта шалқайып,
Бастықсымақ, кімнен алдың үлгіні.
***
Кім көріпті дәл мынадай түлкіні,
Ыржаң-ыржаң түрін айтсай күлкілі..
Жалпақ-жалпақ жапа тастап артына,
Өтіп жатыр "сиырлардың" бір күні.
***
Желп-желп етіп біздер дағы жүріппіз,
Күлмес жерде себеп тауып күліппіз.
Сол әдетпен кетер ме едік, кім білсін,
Беттен алып тастамаса жүлік қыз.
***
Жан отымда ұшқын болса - ол өзім,
Мінген атым ұшқыр болса - ол өзім.
Айтпай-қой, қанатым мен топшымды,
Ал, қосағым, енді соған көнесің!
***
Жыр да жаздым таза тұма - бұлақтай,
Не биіктен абыройды құлатпай.
Аламанда мың-сан тұлпар ат қойған,
Мәресінен ағып өттім сынаптай.
***
Жоғалмасын аспандағы ай, күнің,
Соққан жел де шығармасын қайғылы үн.
Айналаңа ұлт көзімен қарасаң,
Ынтымағың - ең бірінші байлығың!
***
Серттің ісі - бүтіндікті жоғалтпау,
Дерттің ісі - байлық іздеп жалақтау.
Мұзбалаққа жараспайды сүмпиіп,
Тау тұрғанда тал басына қонақтау!
***
Мүйізінде болмаса да еш міні,
Ешкім әнге қоса алмайды ешкіні.
Жануардың арманы тек маңырау,
Өтсе болды жалғандағы бес күні!..
***
Торқа таңдап кигеніңнен не пайда,
Жорға таңдап мінгеніңнен не пайда.
Елің үшін еңіреуді білмесең,
Тірі болып жүргеніңнен не пайда.
***




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Бүгін, 07:26
ЫоНя

Пікір жазу