Өлеңдер ✍️
Төрттағандар (23)
Тағдыр дедік, көндік бәрі... бәріне,
Біреу соған үйретіп-ақ қойғандай.
Ойды кешіп бара алмадық әріге,
Жігері жоқ пенделердей тармаңдай.
***
Тілдедік кеп жас па, мейлі, кәрі ме,
Ала ешкіні барқыратып сойғандай.
Еркіндіктің езгі шықты төріне,
Қазақ сиқы өрттен қалған ормандай...
***
Бөрі емес, бұралқы иттей топтанып,
Көктүріктің жырын жоқтап ұлыдық.
Сөйлегеннің тілін кесіп, от қарып,
Қыртып жатыр, құртып жатыр, құрыдық!
***
Алатаудай айбарым да бар еді,
Қаратаудай қайнарым да бар еді.
Кездерімде қабағыма қар қонған,
Жауларыма бұл дүние тар еді...
***
Ел дегенде еңіреген ерлігім,
Ерім десе күн тұтылған елдігім. -
Тоғыз аттың құйрығын ілген тұғырым, -
Көк найзамды көтереді енді кім?!.
***
Қайда кеттің көкке сүңгіп тұратын,
Бабалардың қолы сүйген сол туым.
Қансұраған, бірлігімді бұзатын,
Сөгуші едің ата жаудың қолтығын!..
***
Желбіреші аспанымды тілгілеп,
Батырлардың рухы қонған нар туым!
Ұлы дала перзенттері тұр түлеп,
Жорық күтіп алақанын үргілеп!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇