Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  87


Автор: Оралбек Бек

ШОҚПАР

 


Жарытпас ерлік жасап маймақтаған,
Отаны, жер, суы жоқ тайғақ табан.
Шоқпарда жүз мың қолмен шыққан жоңғар,
Астында қалды аттардың ойнақтаған.


Сумаңдап қайқы қылыш жайнақтаған,
Ақ найза қан бүрікті ырғап салған.
Өлімнің илеуіндей жатыр, міне,
Күрең бел аласұрып, қайнап далаң.


Келгенде оңтайына нақ күткені,
Телеудің батыр ұлы көп күтпеді.
Жекпе-жек майталманы Малайсары,
Жоңғардың Аңрасын төрт бүктеді...


Көрді де Аңра батыр құлағанын,
Жақ тартты қалмақ Бөлк тұра қалып...
Қырағы Қондыбайдың шоқпарынан,
Қапыда кетті бұл да домаланып.


Ұрыста белгілі бір шарт болмайды,
Еске алсын кім дәл мына шақта ондайды.
Үркектеп ажалынан бұрын өлер,
Қорқаққа ешқашанда бақ қонбайды.


Күнді артқан бүркіттейін арқасына,
Тілекші иесіне тау, тасы да.
Жоңғарға мұндай жерде жеңіс қайда,
Түссе де шатқаяқтап шалқасына.


Бұл жағын ойланбаған Галдан Церен,
Бәрібір шындық келіп жалған сөнер.
Биіктен бірлік туы құламайды,
Ақ жолы ақиқаттың салған шебер.


Салса да қанша жерден байбаламды,
Пілтелі зеңбіректер қайда қалды?!
Көкбөрі көшпенділер шеберлікпен,
Соғыста өз айласын пайдаланды.


Тау, таста мұндай қару іске аспайды,
Жауыңның ойы ойға ұштаспайды.
Ылғал көп, таулы жерде жаңбыр да көп,
Зеңбірек атылмайды, "іш тастайды"...


Жер шұқып өкініштен арландары,
Жоңғардың осы болды қорланғаны.
Үш жүздің сарбаздары асқақ бүгін,
Қорғаны табиғаты - болған бағы.


Бұйырған сор боп тағдыр-талайына,
Шегініс келтірмей еш орайына.
Соғыстың соңғы демі ұбап-шұбап,
Жылжыды Аягөз, Шар маңайына.


Қашаннан мал өргізіп жайын жатқан,
Құба жон төрт түліктің бабын тапқан.
Бір сәтте-ақ толып кетті ұрандаған,
Жандарға дауылпазын дабылдатқан.


Тулайды Балқаш суы толқын атып,
Батырлар тұрпарларын арқыратып.
Сенімі сарбаздардың қандай жақсы,
Туын тік көтеретін жарқыратып.


Жекпе-жек бұл соғыста аз болған жоқ,
Аймаққа үйрек ұшып қаз қонған жоқ.
Ойлама осал жау деп қарсыласты,
Дәл солай ойлағандар мәз болған жоқ.


Түсе ме қазақ көлі сабасына,
Жиылған жоңғар, қалмақ жағасына.-
Итішпес күрең қанды жұтып жатты,
Жауларды келтірместен тобасына.


Бұл күнде жекпе-жектің сұрқы қашқан,
Кетіп тұр маусымның да шырқы бастан.
Батырлар өлермендік жасағанмен,
Тұлпар көп тоқымы ауған, шұрқырасқан.


Қазақтар сан жағынан аз да еді,
Сан жылғы соғыстардан тозған елі.
Десе де, ақсақалдар арқасында,
Рухы күшті еді, азбап еді.


Уа, шіркін, ел болған соң осындай бол,
Көпшілік көз суарған жасындай бол.
Жұмылған жұдырықтай бірлігіңе,
Сүйсінер болсын қай жұрт, болсын қай ел!


Жақсы сөз-жарым ырыс-ер қанаты,
Жеңістің жарасымды салтанаты.
Сонымен бұл соғыс та тәмам болды,
Жойылып жер бетінен жоңғар аты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу