Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  29


Автор: Оралбек Бек

ТАЙЛАҚ БАТЫРДЫҢ ГАЛДАН ЦЕРЕНГЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ

 


Айта бер, мына заман неткен заман,
Аймаңдай көркі қайтып кеткен заман!
Алқымы жарық күннің ісіп - кеуіп,
Салқыны біздің басты түткен заман.


Илалап жеріме кеп қоныс тепкен,
Қазақтың жауы жалғыз орыс деп пе ең.
Халқымның тағдырына өшігердей,
Сендерге қай жерімнен оқыс кеткем.


Таңдар бар ата алмайтын туласаң да,
Даулар бар бітпес қанша шуласаң да.
Ей, жоңғар, ойрат, қалмақ, шыдап болдық,
Жұртымды қаншама рет қорласаң да.
.
Жұғымсыз иттігіңнің сыры неде,
Білмеймін таусылмайды "жыры" неге?!
Тыныштық бермедің ғой жеріме де,
Жыланнан басқа түк жоқ шөліме де.


Найзаңды шошаңдатып төріме өре,
Тайраңдау, салтыңның бір жөні ме, не?!
Көз тікпе бұдан былай, бабаларым,
Тып-тыныш ұйықтап жатқан көріме де!


Біздің ел - еркіндікті ту еткен ел,
Достықпен, келгіш болсаң құрметпен кел!
Қазаққа қажет емес ойы бүкір,
Жымысқы, қараниет күлбеттенген.


Көрдің ғой, көргіш болсаң жетіруды,
Шет көрген өткен іске өкінуді.
Түбінде тәубе деген озары анық,
Бөтенге жақтырмайтын секіруді.


Елміз біз, малын баққан күйісі тоқ,
Өзгенің шаруасымен жұмысы жоқ.
Дем алған тұяғынан тұлпардаймыз,
Бәйгеде тарылмайтын тынысы көп.


Шықпайды ешкім шыңға іштарлықтан,
Адамның кісілігі - сұңқарлықтан.
"Мың өліп, мың тірілген" атансақ, сол,
Атандық сендер салған қиқарлықтан:


"Ақтабан шұбырынды" жайлаған ел,
"Алқакөл сұламада" қайнаған ел.
Қанында көкбөрінің ұшқыны бар,
Қиындық батырларын қайраған ел.


Ол рас, жетірудың бәрі батыр,
Бойында қайсарлықтың табы жатыр.
Таппайсың бұл ортадан бір сүмелек,
Бұлданып тағдырына
шағынатын.


Жоқ бізде, кекшілдіктің тұқымы да,
Емеспіз сөйте тұра жұпыны да...
Ешқашан жол бермейміз мүләйімге,
Өзі емес, пейілі аш қытымырға!


Елу мың,
соңғысында жүз мың қолың,
Төңкеріп кетпек пе еді Ырғызға өлім.
Қайда сол?..
Бұл өзіңе лайық па?
Жоқ, әлде, түк көрмеген, құзғын ба едің?!


Шығарсың, жеңісті де армандаған,
Бірақ, жол бермеді оған қайран далам!
Киесін батпағымның... көрдің!
Енді,
құмдарда кесірткем бар тарбаңдаған...


Сол сынды, әскерің де кілең рухсыз, 
Толтырған қатарыңды түмен жұқсыз.
Қадірсіз жүрекпен топ жара ма адам,
Қылтиған тым болмаса бірер түксіз.


Олар бір секілді ғой шәңгі - жетім,
Отан жоқ басқыншыда мен білетін.
Таласқан өлексеге шибөрідей,
Бірінің бірі жейтін шандыр етін...


Тағы да күтіп алам келер болсаң,
Қару ғой қара ағаш та шебер жонсаң.
Күзендей інге кіріп кетпе тағы,
Үстіңнен қара бұлт боп төнер болсам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу