Өлеңдер ✍️
Төрттағандар (11)
Бал-тұмадай жаудыраған жанарың,
Талқан етті нәзік сезім қамалын.
Шынымды айтсам елтіп қалып көркіңе,
Сасқанымнан көк аспанға қарадым...
***
Терезеден ай сәулесі құйылып,
Төрт қабырға, бүкіл бөлме бұйығып.
Жасанды ұйқы, жасанды түс - көруден,
Ой шіркіннің құны кетті сұйылып.
***
Күннен күнге ұлғайғанмен сарнауың,
Мәңгілікке ұласпайды арманың.
Керек десең ай да күн де сөнеді,
Қалады тек көкке қолды жайғаның...
***
Өмір ғой бұл, бар жоғыңды құптайтын,
Қиқар шалдай сөзін кері жұтпайтын.
Жақсысына ие тұрып басыңды,
Қайғысын да ептеп-ептеп ұрттайсың...
***
Келген едім құм қайнаған шөлдегі,
Сексеуілдің қасіретін көргелі.
Шоқтай қызыл гүлін байқап
кенеттен,
Қолдан түсіп кетті ойымның шөлмегі...
***
Қиялға еріп кетесің де кейде бір,
Құстай қанат қағасың ғой жеп-жеңіл...
Заңғар көкке ұшып шықтың - не таптың?
Шындығы сол - періштеңіз... жерде жүр!
***
Туралғандай қияметтік шалғыға,
Қу өзегің өкініштен талды ма?!
Неге сонша дірілдейсің домбыра,
Қайғыңды әкеп тоса бермеші алдыма!
***
Кеңістіктен биік не бар - білмейсің!
Ойдан басқа жүйрік не бар - білмейсің!
Сумаңдаған түрлі сезім елшісі,
Тілден шырын, күйік не бар - білмейсің!
***
Қабырғасын қайыстырып баршаның,
Өткеніңді жырлай-жырлай шаршадың.
Жеткеніңді неге айтпайсың дәл солай, -
Жатқан сыңсып... қанша қайғы, қанша мұң!..
***
Сақтап еді салт-дәстүрін мың жылдық,
Ат үстінен түспесе де қайран жұрт.
Бүгінгі ерді бара жатыр қынжылтып.
Ел ішіне дендеп кірген жалғандық.
***
Шерту қиын домбыраның бір шегін,
Жүрек қылын түртіп қалсаң болғаны...
Арман-жырын тасқа ойған Күлтегін,
Мыңжылдыққа сөз қалдырды қордалы!
***
Сақтар, ғұндар - қазақ! - дейміз, қос шеке,
Тамырлары адырайып кеткенше...
Не шықты одан... уақытты босқа жеп,
Шындық құлпын аша алмаса еш кеңсе!..
***
Жүрек деген дүние емес дарынды,
Жүрек ол да бір уыс ет кәдімгі.
Көкте жүрген ұсқыныңа болайын,
Жерге түсіп байқа өзіңнің әліңді!
***
Аспан асты, дөңгеленген жер үсті,
Тұнып тұрған жұмбақ екен қарасаң.
Біреулер жүр түзетсем деп терісті,
Біреулер жүр орманды өртеп орасан.
***
Адам санын көбейткенмен жай ғана,
Өмір көркін түсінбейді қаймана.
Балапанын соңына ерткен тауықтар,
Қоқиланып қыт-қыттайды аулада.
***
Қазағымның мінезге бай тұлғасын, -
Езіп-жаншып жас буынды жер еттік.
"Төбең" құздап... құдай дәлдеп ұрғасын,
Өшіп кетті батырға тән өжеттік.
***
Күткізуден таусылғанда амалы,
Таң да жетті түн бояуын сұйылтып.
Жігіт отыр, баудың жаяу самалы,
Жүйкесін жеп, ой шеңберін тарылтып!..
***
Болған әркез ақ махаббат алаңы,
Түнгі бақта жүрек жиі соғады.
Жаудырайды мойылындай жүзімнің.
Бойжеткеннің мұңға толы жанары.
***
Санаулы ғой бұл күндері әр адым,
Жүйкесінен жіп иірген адамның.
Жырын жырлау оңай емес қарағым,
Сын сағаты соғып тұрған ғаламның!
***
Бұл жалғанда берерің бар, аларың,
Айтары жоқ - бәрі сенің базарың.
Шын жалған ба? Одан ешкім қайтқан жоқ,
Біліп келер жұмағы мен тозағын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇