Өлеңдер ✍️

  10.06.2026
  26


Автор: Оралбек Бек

АРЫҚ ТАЗАЛАЙЫҚ

 


Ай, екпінді сырласым,
Сөзді бағып тұра тұр.
Жөніміз бар екеуміз,
Жеке сұхбат құратын.


Құрдас болдың тамаша,
Мұңдас болдың тамаша.
Табылады серілік,
Достығыңа жараса.


Жерді кездік сөзбенен,
Елді кездік сөзбенен.
Бірімізді біріміз,
Көрмесек те көзбенен.


Көз көру не тәйірі,
Замандасың тұрғанда.
Түсініктің қайыры,
Екі есе ғой бұл маңда.


Ұқсас болды миымыз,
Ұқсас болды сыйымыз.
Атын кетті қамшылап,
Ішке бүккен шынымыз.


Болады ғой кейде ондай,
Желөкпеде желі көп...
Жұрттың бәрі аймаңдай,
Дейсің бе бір кемі жоқ.


Біз көргенді көрмесін,
Жас ұрпақтар кейінгі
Биіктерге өрлесін,
Кеңге салып пейілді.


Улы Сталин өлгенде,
Қара жалау ұстаппыз.
Құйтақандай шерменде,
Өзіміз де күшті-ақпыз.


Үстімізде зор шинель,
Белден қырқып тастаған.
Жекпе жекке келсең кел,
Батырмын қол бастаған.


Етік те бар өкшесіз,
Ирек-ирек қонышты.
Қамшылаған тентекпіз,
Кеуде керген намысты.


Біз осындай жұрт едік,
Оны өзің де білесің.
Құны бір ши білтелік,
Керек пе ерге күресін.


Елге тұтқа болар ұл,
Іс жасайды келелі.
Қармауы жоқ төмен ұл,
Жағалайды төбені...


Бос тартпа аттың айылын,
Бақшаның тарт қарығын.
Міне, солай, кел, досым,
Тазалайық арығын!


Оралбек 'Бек




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу