Өлеңдер ✍️
Суаткөлде
Көзіңмен көріп тұрсаң бүгінгіні,
Түседі еске жастық бұлыңғыры.
Ауылдың жігіттері баладай-ақ
Қуып жүр су ішінде бірін-бірі.
Жарасты күлкі қандай мұндайдағы,
Жырылып жұрттан ешкім тұрмайды әрі.
Шомылып шортандайын шоршығанда
Тамаша-ау, Суаткөлдің құм-қайрағы.
Сүңгіді Серік ағам, Жапар қашты,
Малтымпаз жігіт жетті, қатарласты.
Жағажайда жай ғана тыныс қайда,
Мұндайда сергімей жан жата алмас-ты?!
Жігіттер сүңгіместі сүңгітеді,
Ондайда момынға да тіл бітеді.
...Біреуін ақ айдынға атты келіп,
Ол өзі су сүймейтін жігіт еді.
Әлгіні суға тығып, "сүріндіріп",
Жатқанда ара түспей, күмілжідік.
Айдында ақ шабақ боп асыр салып,
Жүргендер-кеше бала, бүгін жігіт.
Жатпадым жағажайда текке еріне,
Мен дағы қала алмадым шеткеріде,
Қайран уақыт, тек өзің кеше көргей,
Дәл қазір бала болып кеткеніме.
Уа, мезгіл, жылды жұтқан паң, ұлысың,
Болмасыншы біздерге тарылысың.
Асығып, қарайламай зырласаң да
Өлтірмеші адамның сағынышын!
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter