Өлеңдер ✍️
"Рамазан шоғы"
Бұдан бұрын қанша заман өтпеген,
Бабалар да соны көрген көппенен.
Ормандары қаулап өскен өңірдің,
Бір мүйісін біздің қазақ "Шоқ" деген.
Ұйыса өсіп я терек, я қайың,
Қыстау қылған оны біздің ағайын.
Болғандықтан күнкөрістің тірегі
Баптай білген қыстауының маңайын.
Кейде өткенді еске алсақ көбірек,
Лайық соған өмір сүрген төңірек.
Қалың қайың ұйыса өскен орманды
Ел айтады "Бұл-Рамазан шоғы!" деп.
Биік қайың таласқандай аспанмен,
Көк терек те қатар өскен жас талмен.
Осы шоқтың айналасы-жап-жасыл,
Қыста маңын ақ көрпе қар басқанмен.
Рамазан... Әкем менің-бұл кісі,
Әкімжанның төл басы екен, тұңғышы.
Қалың қайың шоғын пана қылатын-
Бабалардың байырғы бір тұрмысы.
Әкем туған шоқты көріп бүгін мен,
Бағзы күннің тереңіне үңілгем.
Бала қайың тұрғандайын сыр шертіп,
Кәрі ағашқа жапырағы түрілген.
Осы сәтте өкпек желдің өшті үні,
Тамаша ғой мына шоқтың кескіні.
Там орнында жатқан ана төмпешік
Елестетіп тұрды көзге ескіні.
"Қанағат!" деп барыма да, жоғыма,
Қайта түстім мұнда әкелген жолыма.
Қарайладым көзді салып тағы да
Әкем туған "Рамазан шоғына".
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇