Өлеңдер ✍️
Қос қияр
Қол бұлғар бүгін алыстан,
Балалық күнім-жансаям.
Бір ұрлық қылдым,
Арыстан,
Жанымда және бар Саян.
Ауылдың Саян - қонағы,
Арыстан деген - ал іні.
Ағаның кейде болады,
Інінің мұндай "тәлімі".
Қазақты бұдан кеміс қып,
Өсіріп емес тер шыққан.
Дүйсенде ғана - жемістік,
Жемістік іші - жеңсік дәм.
Ешкімді жоқпыз зарлатқан,
Ішінде менмін естияр.
Ақырын түсіп шарбақтан,
Алғаным сонда қос қияр.
Аңғалдау болар бала тым,
Кетпес пе ек қашып біз оңай.
Тер қылып арттан торы атын,
Дүйсекең жетті ұзамай.
Күн ашық еді, торланбай,
Аспанда жайсаң Күн күлген.
Қос қияр үшін сондай айғай,
Боларын мұнша кім білген?!
Аңыз ғып несін айталық,
Ашулы жүзден жерігем.
Қиярды бердік қайтарып,
Ауызға түсер жерінен.
Үлкеннің мол-ақ-ты әдебі,
Бір қызық болды бұл деген.
Қазақи қонақкәдені,
Дүйсекең сонда білмеген.
Осылай ойға түсермін,
Ақиқат осы қалды есте.
Балалық қылған үшеудің,
Бірі жоқ болған баукеспе.
Інілер мені сүйсе екен,
Азамат болған естияр!
Есімде жүр ғой Дүйсекең
Қайтарып алған қос қияр...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇