Өлеңдер ✍️
Ағаларға
Ағаларға бізден туған ертерек,
Іні болып, сөз айтушы ек еркелеп.
Біз солардың арқасында мәпелі,
Әдемі әрі әлпештеулі, көркем ек.
Соларда еді-ау ірілік те, нарлық та,
Олар өтті, орнына біз қалдық па?
Жандар еді-ау байыппенен қарайтын
Дүниеге-жоқтық пенен барлыққа.
Сол жандарды өмір өзі сынаған,
Елге жаққан, тұлғасымен ұнаған.
Нұрахмет пен Жақсылықтай қос ағам,
Аулақ жүрген күпірлік пен күнәдан.
Кетті деймін бізге аманат тапсырып,
Сенім артып, күтіп бізден жақсы үміт.
Аяулы бір жан еді ғой ауылда
Омар-ата әулетінде Жақсылық.
Мін жуытпай тұлғасына, мүсінге,
Жүруші еді-ау биязы бір пішінде.
Ерекше еді ағалардың ішінде,
Өзге үшін даяр отқа түсуге.
Бұл өмірден табатындай тек үміт,
Қиындықтан көрген емес шегініп.
Қара нардай ауырлыққа жегіліп,
Аузын ашса, ақ жүрегі көрініп.
Ортасында мынау өмір-өрнектің,
Ағалардай асыл болар өрлеп кім?!
Мінезінен сол Жақсылық ағаның
Жақсылықтан басқа оғаштық көрмеппін.
Өмір-шиыр, көп қой оның сұрағы,
Жақсылардың тез сөнеді шырағы.
Жақсылықтай жаны жайсаң ағамыз
Жадымда әман тек күлімдеп тұрады.
Сол ағамды көруші едім жанымдай,
Топырақтан ол да көрпе жамылды-ай!
Бір ерлігі-ауыр сырқат қысса да,
Өткен екен мінезінен жаңылмай.
Не амал бар, бұл хабарды кеш білдім,
Сұм ажал-ай, ауыр дертті өш қылдың.
Өтті өмірден нар Жақсылық ағам да,
Ала жібін аттамастан ешкімнің.
Өтті өмірден нағыз жүйрік-Құлагер,
Тұлғасына адамдығы куәгер.
Уа, Тәңір! Ізін жоймай Жақсының,
Ұрпағының жолын даңғыл қыла гөр!
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
"Солтүстік Қазақстан" газеті 3 шілде 2014 жыл 11 бет
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇