Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  11


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Ана

 


Жолға шығып үйрендік қой қай-қайда,
Жұмысбасты жан уақытты таңдай ма.
Қою түнде жол үстінде келемін
Түстік - артта, темірқазық - маңдайда.


Бұл жолменен жүрмеді екен қанша адам,
Мұратына асығумен аңсаған.
Кейуана да өтті ме екен кеюмен,
Өзек талып тұла бойы шаршаған?


Үркер ауған, айдың қырда иығы,
Бар дүние түнмен мүлгіп ұйыды.
Үнсіз ғана қос таспадан көз алмай
Желбегейді қымтанамын бұйығы.


Ұлды зордан, оны бордан қойғаны-ай,
Жүреміз-ау ана жайын ойламай.
Біз қуансақ бізден бетер қуанып,
Біз мұңайсақ оның жасы сорғалай.


Бұл сезімді әркімдер де ұғар-ақ,
Отыр ма анам шам түбінде сығалап?
Жаралған ба аналардың жүрегі
Отыруға үрейлі ойды қуалап.


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


"Ленин туы" газеті. 14 август 1985 жыл. 4 бет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу