Шығармалар ✍️
Телефонға тәуелділік – қазіргі мәселе ме?
Соңғы онжылдықта смартфондар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Егер бізді бұрынғы заман адамдары көрсе, түсінбес еді, себебі айналадағы адамдар қара түсті кішкентай бір қорапшаға бас көтермей қарап жүреді. Әрине, телефонның пайдалы тұстары да бар, оған қарсы тұра алмаймыз, бірақ көзіңізді ашып қараңызшы: сіз бір қорапқа қарай отырып, айналаны байқамайсыз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер біздің ең басты қазынамызды – яғни уақытымызды – қорлауда.
Телефонға тәуелділіктің бірінші белгісі – адамның қолы бос қалса, автоматты түрде әлеуметтік желілерді тексеруі, телефон дыбысына немесе вибрациясына мазасыздануы, ал телефон жанында болмаған жағдайда алаңдап, үрейдің пайда болуы. Бұл белгілер адамның телефонға тым әуес екендігін көрсетеді.
Бұл мәселенің пайда болу себебін көпшілік әлеуметтік желілерден көреді, бірақ бұл көбіне адамның өзіне байланысты. Біріншіден, адамның миы тым тез дофаминдерге үйреніп кеткен және дәл қазіргі сәтке қарағанда, оған мессенджердегі хабарлама қызығырақ болып тұрады. Екіншіден, “әрқашан онлайн болу” қалыпты жағдайға айналған, әсіресе жасөспірімдер арасында. Егер олар онлайн болмаса, өзін әлеуметтік желіден «оқшауландым» деп санайды.
Телефонға тәуелділіктің үш негізгі салдары бар: психикалық, физикалық және әлеуметтік. Психикалық денсаулыққа әсері – мазасыздық, депрессия, назардың тым тез аударылып кетуі және мидың даму жиілігінің төмендеуі. Физикалық тұрғыдан – көздің көру қабілетінің нашарлауы, мойын омыртқасының ауруы, ұйқының бұзылуы және белсенді қозғалыстың болмауы. Әлеуметтік салдар да оңай емес: айналадағы адамдармен тек телефон арқылы сөйлесу, балалардың эмоционалды дағдыларының аса қатты дамымауы.
Алайда бұл мәселені шешуге болады. Ол үшін ең басты қадам – мәселені мойындау. Ал екінші қадам – цифрлық шектеу енгізу. Әлеуметтік желілерді шектейтін функцияларды қолдану арқылы сіз бос уақытыңызды әлеуметтік желілерде өткізбейсіз. Сондай-ақ, қарапайым тамақтану уақытында және ұйықтар алдында телефонды қолданбау керек. Осылайша сіз өзіңізге бос уақыт табасыз. Сол бос уақытты спортпен айналысуға, серуендеуге немесе жаңа хобби табуға арнай аласыз.
Қорытындылай келе, телефонға тәуелділік – қазіргі заманның өзекті мәселесі. Бұл тек біз бен сіздің мәселеміз емес, бұл бүкіл әлемнің әлсіздігі. Бірақ телефон – ол біздің қожайынымыз емес, біз оның қожайыны екенімізді еске түсірейік. Сол себепті өзіңізді қолға алып, телефонға тәуелді болмау – өз қолыңызда.
Автор: Тлеген Гүлнәзік Нұржанқызы 10 сынып оқушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇