Әңгімелер ✍️
Үзілген үміттің Шамшырағы
Күздің қара суығы сүйектен өтетіндей ызыңдап, ауыл ішіндегі жалаңаш талдарды аяусыз сілкілейді. Дәл осы күздің сұрқай аспаны іспетті Мараттың да көңілі лайсаң еді. Бір кездері білекті, намысты жігіт болған ол, қазір арақтың буына булығып, ішіндегі өртті ащы сумен сөндірмек болған дәрменсіз пендеге айналған. Балалары жеті жастағы Мейіржан мен алты жастағы Раяна туылып ес білгелі әкелерінің сау болып көңілді жүріп өздерін еркелетіп ойнататын кездерін кем көрген. Олардың көңіліндегі әкенің бейнесі, сау болса, салмақты, үнсіз тұйық, ішіп алған кезде аналарына көп сөйлеп, түрткілеп, кейде қол көтеретін адам болып қалыптасып кеткен. Соңғы кезде мүлдем үрейленіп, әкелерінің дауысын, аяғының дыбысын естігенде, қай уақыт болса да, тышқанша тығылып, көрпенің астында кіріп кетіп дірдектеп жататынды шығарған. Ал әйелі Марал, осы тозақтың ортасында солған гүлдей емес, тамыры терең емендей мызғымай тұрған жан.
Сол түні аспан айналып жерге түскендей, ауыл үстін қара түнек торлап алған еді. Марат үйге есікті теуіп кіргенде, бөлме ішіндегі тыныштық тас-талқан болды. Оның көздерінде адамдық сәуле сөніп, орнына мас мастықтың ызасы мен түсініксіз өшпенділік ұялаған. Оған айналаның бәрі — қабырғадағы сурет те, үстел үстіндегі ас та — келемеждеп тұрған жау сияқты көрінді. Кенет оның жанары төрде ілулі тұрған ескі домбыраға түсті. Бұл домбыра — оның бақытты шақтарының, ата-баба аманатының символы еді. Бірақ сол сәтте ол Марат үшін өткен күннің өкпесіндей көрінді. Оны жұлып алып, бар пәрменімен жерге ұрған кезде шанағы шатынап, ішектері үзіліп, соңғы рет мұңды дыбыс шығарған домбыраның сынықтары жан-жаққа шашырап кетті.
Бөлменің іші қапарық, ауа жетпейтіндей тұншықтырғыш үнсіздікке толы еді. Маралдың ішіндегі жанартаудай атылуға шақ тұрған ашу-ызасы мен шарасыздығы кеудесін қарс айыра жаздады. «Егер мен нәзік әйел емес, дәл осының алдында тұрған қарулы еркек болғанымда ғой... Төбесінен бір-ақ ұрып, есін жиғызып, сабасына түсірер едім» деген бір сұмдық, бірақ дәрменсіз ой миын тіліп өтті. Алайда, тұқымынан бойы қанына сіңген тәрбие, діндегі «күйеуге қол көтермек түгілі, қатты дауыс шығаруға болмайды» деген қағида оның аяқ-қолын көрінбес бұғаумен мықтап байлап тастағандай. Ол тамағына тығылған өксікті жұтып, көздері шарасынан шыға үнсіз қалды. Мараттың көздері қанталап, бет-әлпеті адам танымастай бұрмаланып кеткен. Үстінен мүңкіген арақтың сасық иісі мен ашудың лебі бүкіл бөлмені алып кеткендей. Ол аузынан ақ көбігі бұрқырап, әйелінің жанына жетіп келді де:
— Неге маған бұлай қарап тұрсың?! Мені аяп тұрсың ба?! — деп ақырды. Оның мүлде өзге адамның дауысындай жабайы дауысынан үйдің қабырғалары ғана емес, Маралдың жанының ең нәзік пернелері де үрейлене дірілдеп қоя берді.
Марал ләм-мим демеді. Оның жәудіреген жанарында өшпенділік те, жеккөрушілік те жоқ еді. Онда тек – «мына бейбақты, мына құрдымға кетіп бара жатқан отбасымды бұл қараңғы тығырықтан қалай ғана аман алып шығам» деген шексіз мұң мен таусылмас, азапты сабыр жатқан еді. Бірақ оның осы бір қасиетті үнсіздігі мен төзімі Мараттың ішіндегі албастыны одан сайын құтыртты. Қаны басына шауып, ес-ақылынан мүлдем айырылған ол, үстел үстінде тұрған зілдей ауыр темір құманды шап беріп қолына іліп алды да, өзіне жәудірей қарап тұрған әйелінің бас тұсына қарай бар күшімен сілтеп қалды. Құлақ тұндырарлық гүрс еткен дыбыс... Ауыр темірдің суық салмағы самайына сарт ете қалғанда, Маралдың көз алды тұманданып, дүние шыр көбелек айналып сала берді. Ол бір қолымен жанындағы суық қабырғаны қармана сүйеніп тұрып, әлі де сенер-сенбесін білмей, сырғыған күйі мұздай еденге сарт етіп құлады. Уақыт бір сәтке тоқтап қалғандай болды. Құлағында тек ызыңдаған дыбыс қана. «Бітті... Менің азабымның да, өмірімнің де таусылған жері осы шығар» деген ой санасын бір сәт жарық етіп кесіп өтті. Еденде қозғалыссыз жатқан Марал бір кезде бетімен жылы бір нәрсенің ағып бара жатқанын сезді. Аппақ жаулық – келіндік пәктігі мен адалдығының, отбасы ұйтқысының символы болған ақ орамалдың шетіне қою қызыл қан тамшылары тамып, гүлдей жайылып бара жатты. Ол сол қанды сезген сәтте ғана жанұшыра орнынан қисалаңдап тұра бастады. Кішкене аққан қанды дірілдеген алақанымен бір сүртіп алды да, жанында сынып жатқан домбыраның шашылған ағаштарына көзі түсті. Домбыраның шанағы емес, Маралдың жаны мен тағдыры дәл осылай күл-талқан болып жатқандай еді. Ол бөлшектерді біртіндеп жинай бастады. Кенет құлағына бала күніндегі әкесінің "Домбыра – киелі аспап, балам. Оны басуға, жерге қоюға, аяқ асты етуге мүлде болмайды..." деген дауысы келді. Сол киелі аспап қазір оның қаны тамған еденде, аяқ астында тапталып жатыр. Өзінен бұрын шаңырағының амандығын, отбасының абыройын биік қойған сорлы әйел, маңдайындағы ашылған жарасының жанына батып, сыздап ауырып тұрғанына қарамастан: «Қазір көршілердің бірі шуды естіп үйге кіріп келсе, масқара боламыз ғой, ұят болады» деген қазақи момындықпен жан-жағын қисалаңдай жүріп жинап, қан болған жерлерді сүрте бастады. Бұл көрініс бәрінен де қорқынышты еді. Өйткені үйдің бір бұрышында, қараңғы түннің қойнауын тілген шырылдаған дауыстарымен бүрісіп балалары отырған болатын. Олардың кішкентай жүректері атқақтай соғып, көздеріндегі үрей шексіздікке ұласқан. Олар әкесінің күнделікті ішіп келіп айқай-шу шығарғанына еті үйреніп кеткендей болса да, дәл қазіргі көрініс бала жандарын тірілей өлтіріп жатқандай еді. Олар әкенің зарына емес, әлемдегі ең қымбат, ең мейірімді жан – өз аналарының маңдайынан сорғалаған қып-қызыл қанды көріп, сол қанға боялған аппақ жаулықты көріп, жан-дүниелері үрейден қатып қалған болатын. Бұл түн ол балалардың балалық шағын біржолата ұрлап кеткен қаралы түн болды...
Марат алғашында шошынғанымен, кейіннен Маралдың орнынан тұрып, жан-жағын жинауға кірісіп кеткенін көріп, қайта қалпына түсіп, бойын тіктеп алды. Ол Маралдан айқай күтті, қарғыс күтті, «кет, жоғал!» деген сөзді естігісі келді. Бірақ Марал жаны, жүрегі сыздап, ашуы алқымына тығылып тұрса да, ештеме демеді. Бағанағы жәй ғана жағылған қан, бетінен бір сызық болып төменге қарай ағып, еденге жиілеп тамып кетті. Әр тамшы қан Мараттың ар-ұжданына тамып жатқандай еді. Бұл көріністен жүрегі қайта елжірей кеткен Марат,
— Марал... — деді дауысы дірілдеп.
Марал басын көтеріп, жаралы жанарымен оған қарап,
«Сен менің самайымды ғана қанаттың, Марат... Ал мен сенің ішіңдегі өлмеген адамды құтқару үшін жанымды беріп жатырмын. Ертең балаларың "біздің әкеміз кім еді?" деп сұрағанда, мен оларға маскүнемді емес, мені сүйген, намысты азаматты сипаттап бергім келеді. Өтінем, сол адамды маған қайтарып берші...» деді де, есінен танып құлап түсті.
Сол түн — Мараттың тозағы болды. Аурухана дәлізінің суық, өлі тыныштығы кеудесін зілдей басып барады. Төбедегі әлсіз шамның сәулесі оның қалтыраған алақандарына түскенде, ол өз қолынан өзі жиіркеніп, тітіркеніп кетті. Бұл — жай ғана қолдар емес, бұл — бір кездері аяулы жарын еркелеткен, енді міне, сол бақытын өз қолымен тұншықтырған қандықол тағдырдың құралы. Оның құлағында "дос" сымақтардың улы сөздері жаңғырып тұр. «Әйелді басыңнан асырма, тізгінді қатты ұста!» — деген жалған намысқа суарылған кеңестер бүгін оны осы түпсіз шыңырауға итермеледі. Ол өзін еркекпін деп ойлап еді, бірақ шын мәнінде, біреудің сөзіне ерген жіпсіз құл екенін енді ғана сезінді. Дәрігерлердің «көп қан жоғалтты» деген суық сөзі оның жүрегіне қанжар болып қадалды. Ол қан — оның жарының қаны, оның балаларының анасының өмірі.Сол достарынан, емге қажетті азын-аулақ қаражат сұрап еді, жан досым деп жүрген біреуі де, міне досым деп сұраған ақшасын тауып бере алмады. Марат, өзін енді танығандай ашынып, екі қолын көкке жайып, әлсіз ғана,
«Уа, Тәңірім! Жанашыр боп көрінген жандар қайда? Егер олар нағыз дос болса, неге маған "Отбасың — сенің жәннатың, жарың — сенің аманатың" деп айтпады?! Неге мені отқа итерді?» деп езіле жүрегі іштей астан-кестен болды.
Сыртта ауа күркіріп боран басталды. Табиғат та Мараттың ішіндегі қоқысты, ластықты жуып-шаюға тырысқандай алай-дүлей. Әрбір соққан жел оның құлағына «Не істедің?» деп сыбырлағандай. Дәрігерлер Маралды аман алып қалды, бірақ нағыз емді Маралдың өзі жасады. Ол болашаққа сеніп, ауру деген сөзді айтпақ түгілі, ойламауға тырысты. Кішкентай кезінде, үй шаруасынан қашып, ауырып қалдым деген сылтаумен төсекте жатқан жерінен, далаға қашып кетіп, кешке дейін ойнап келген соң анасының,
-ешқашан басыңды біреу жұлып аламын десе де, өтірік сөйлеме. Соның ішінде ауырдым деген сөзді, тіпті ауырып тұрсаң да айтпа. Ауызыңнан шыққан әрбір сөз, сенің өміріңе өріледі деген сөзі мәңгі жадында сақталып, осы қағидамен өмір сүріп келеді.
Емханада он шақты күн жатып үйге шыққан соң, «балалы үйдің ұрлығы жатпас» дегендей бар жағдайды осы үйдің балаларынан есітіп, жағдайын сұрап келген көршілері, «Марал, арыз жаз, құтыл бұл хайуаннан!» — дегенде, ол байсалды қалыппен: — Хайуанды бәрі қуады, ал адамды тек махаббат қана тірілтеді, — деп жауап берді.
Марат менің бұл күйге түсуіме достарым кінәлі деп жүрсе, Марал,бұл күйге түсуінің тамыры тереңде жатқанын сезетін. Марат жеті жасқа толғанда, әке-шешесі ажырасып, екеуі де жаңа отбасын құрып, баланы «керексіз заттай» қарт әжесінің қолына тастап кеткенде, бала Марат сол кезде-ақ жаны жаралы, әлемге өкпелі болып өскенін, оның жүрегі ақ, көңілі балаша пәк, бірақ сол пәктігін достары пайдаланып, оны талай рет алдап жүргенін алғаш танысып сырласқаннан-ақ білетін.
Марал оны сол қорғансыз, жаралы күйінде сүйді. Олардың алғашқы үш жылы ертегідей мінсіз еді. Айналасы, достары бұлардың өміріне қызыға қарайтын. Барлық қиындық, тұңғыш перзенттері дүниеге келген кезде, достарына жуып беруден басталды. Үш айдай тоқтаусыз, баласын себеп қылып, алыс-жақын кездескен адамға бір жарты қойып жуып, кейде арасында масаң күйінде баласының жанына келіп бетіне ұзақ үнсіз қарап отыратын әдет шығарып, біртүрлі өзгеріп жүргенінен кейін Марал оның кейде әкесінің кейбір қылықтарын айтып ренжіп қалатындарын еске алып, ішіндегі баяғы үрей оянып, «Мен де әкем сияқты баламды тастап кетем бе? Мен жақсы әке бола алам ба?» деген қорқыныш оны ішкілікке итерген шығар деп жорамалдап, бұл жолдан қайтармасам, бір күні көшеде мас болып ұйықтап қалып жын ұрып кетер, немесе бір нәрсеге ұрынып өліп қалар деп уайымдап, ұзақ ойланып оның намысына осы сөз тиіп тоқтар деп үміттеніп, бір күні тағы да мас болып келген күні,
-Кет үйден! Сен өз әке-шешеңе керек болмағанда маған керекпін деп ойлайсың ба деп айтамын деп, алғаш рет күйеуін қол көтеруге мәжбүрлеген болатын. Шаттықты жуудан басталған ішімдік,солай біртіндеп оны тұңғиыққа батырып,достарының ,
-біздің әйелдеріміз бізге бір ауыз сөз қайтармайды. Біз әйелімізді ашсақ алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда ұстаймыз. Сен әйеліңнің алдында жорғалайды екенсің деген сөздері де оған қосымша демеу болып, хайуандық деңгейге дейін жеткенін білетін. Сол «Кет» деген бір ауыз сөзі күйеуінің өмірін құртқанын біліп, сондықтан өзін кінәлап қандай жағдай болса да үнсіз көнетін.
Соңғы жағдайдан кейін Марат жәймен ішуді қойды. Бірақ ол бірден «жақсы» болып кетпеді. Ол ұзақ уақыт бойы өз-өзінен ұялып, әйелінің бетіне қарай алмай жүрді. Бір күні кешкісін Марал далада отын жарып жатқан күйеуінің қасына келіп, жиюлы тұрған ағаштардың шетіне барып, үнсіз күйеуіне қарап отырды. Күн батып бара жатты, аспан алтын мен күлгін түске боянған ерекше сәт. Марат, басын төмен салып,
— Мені неге кешірдің? Неге тастап кетпедің деп сұрады?.. — Мараттың бұл сөзі көмейінен емес, бейнебір кеудесін жарып, жүрегінің ең түбінен қанды ірің болып шыққандай еді. Оның дауысы дірілдеп, жанарында бұрын-соңды болмаған шарасыздық пен қорқыныш тұрды. Ол өзінің жасаған қатыгездігінің түпсіз тұңғиығына енді ғана үңілгендей.
Марал жауап қатқан жоқ. Ол жайлап қана, талай жылғы соққыдан, ауыр еңбектен қатайып, шор болып кеткен күйеуінің үлкен алақанын өз қолына алды. Бұл қолдар оны талай рет аяусыз сабаған, шашынан сүйреген қолдар еді. Бірақ дәл қазір ол қолдар жапырақтай қалтырап тұрды.
— Себебі... — Маралдың дауысы бәсең шықса да, ішіндегі талай жылғы жұтылған шер мен өксік сезіліп тұрды. Ол жәймен Мараттың алақанынан сипап отырып
— Себебі, мен сенің ішіңдегі жақсылықты сенен де артық көрдім. Егер мен сол күні кетіп қалсам, сен мына өз ішіңдегі қатыгездіктің қараңғылығында біржола тұншығып өлер едің. Ал әйелдің міндеті — еркектің ашуын жеңіп, онымен жағаласу емес, оның батпаққа батқан рухын суырып алу екен... Мен сенің бұтақтарыңды тамырынан жұлып алып кетіп, қандай бақыт табам? Өзгелердің алдында балаларымның «тірі жетім» атанғанын, маған «байдан қайтқан жесір» деп көз алартқанын қаламадым. Сенің атыңның қара күйеге малынғанын қимадым...
Осы сөздерді айтқанда Маралдың көз алдынан талай түнгі азаптары тізбектеліп өтті. Кейде денесі көгеріп, іші қан жылап отырса да, үйге қонақ келгенде ештеңе болмағандай күлімсіреп, дастарқан жаятын. Ал Мәди оның бұл жанкештілігін түсінбей, оңашада «Сен екіжүздісің! Жұрттың көзінше періште бола қаласың!» деп жиіркене қарайтын еді. Сол кездегі жан жарасы тән жарасынан мың есе асып түсетін. Марал күйеуінің абыройын жабамын деп, өз жанын тірілей тозаққа салғанын күйеуі енді ғана, дәл осы сәтте ғана түсінгендей болды.Ол іштегі өзінің, бір кездері күйеуіне,
-үйден кет деп айтқан бір ауыз сөзі, күйеуін ішкілікке, қатыгездікке алып барып, өмірін өзгертіп жіберді деген азапты ойлары үшін кешірім сұрасам ба, сұрамасам ба деп булығып тұрғанда, Марат, сол жайында тізерлеп отыра басын Маралдың тізесіне қойып, кішкентай баладай еңкілдеп жылап жіберді. Оның иықтары селкілдеп, талай жылғы ішкен арағы, ішкі запыраны, қатыгездігі мен надандығы көз жасымен бірге ағып жатты. Бұл жай ғана өкініштің емес, адам жанының ең тереңдегі тазаруының, тәубесінің жасы еді. Марал оның шашынан сипағанда, оның да көзінен аққан ыстық жас күйеуінің бетіне тамып жатты. Үйдің ішінде бір-бірін құшақтап, демдерін ішіне тартып тұрған балалар бұл көріністі үнсіз бақылап тұрған еді. Олар өмірлерінде бірінші рет әкелерінің қорқынышты құбыжық емес, қателігін түсінген мүсәпір адам екенін көрді. Анасының құдіретті кешірімі олардың да кішкентай жүректеріндегі үрейдің мұзын ерітіп жібергендей болды. Бұл үйде алғаш рет қорқыныштың емес, махаббат пен бейбітшіліктің лебі есті.
Жылдар өтті. Тағдырдың дауылы басылып, Марат ауылдағы сөзі дуалы, ең ардақты, мейірімді ақсақалға айналды. Бірақ ол әрқашан әйеліне қараған сайын, оның самайындағы сол баяғы темір құманнан қалған кішкене тыртыққа көзі түсетін. Сол тыртықты көрген сайын Мараттың жүрегі қарс айырылып, ішінен Алладан тоқтаусыз кешірім сұрайтын. Бұл тыртық — үлкен бір әулеттің бақытын, балалардың болашағын сақтап қалған Ұлы Даналықтың, Аналық құрбандықтың өшпес мөрі еді.
Марал бұл өмірден, «Қараңғы бөлмені айқайлап жарық қыла алмайсың. Оған кішкене ғана шам жаққанда ғана нұр шашылады. Және ол шам — әйелдің сабыры мен мейірімі» деген үлкен тәжірбиенің мәнін ұқты.Ол өз отбасының жылуы үшін, өзін тамшылап еріткен, бірақ ақыры сол мақсатына жеткен қайсар Ана еді. Бұл сабырдың жеңісі болғанымен, өте ауыр құнды болған, жүректерді мәңгілікке тебірентерлік үлкен сабақ болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇