14.02.2026
  13


Әлеуметтік желі: жастарды дамыта ма, әлде тәуелділікке әкеледі ме?

Күніңіздің қанша бөлігін смартфонмен өткізесіз? Таңертең оянғанда бірінші не істейсіз - телефонға қарау ма, әлде терезеден күн сәулесін бақылау ма?

Instagram, TikTok, YouTube-тағы лайктар мен видеолар сізді өзіне тартып алатыны рас па?

Зерттеулер көрсеткендей, жасөспірімдердің 95 % әлеуметтік желіні күнделікті қолданады, және олардың көпшілігі бір сағат та болса, платформалардан ажырай алмайды. Бұл жағдай Қазақстанда да байқалатыны рас.

Әлеуметтік желі жастарға білім мен байланыс ұсынады, бірақ психикалық денсаулығына кері әсер етуі әбден мүмкін. Ғалым Susan Greenfield әлеуметтік желінің ұзақ қолданылуы ми жұмысына, зейін мен есте сақтау қабілетіне әсер етеді деп атап көрсеткен. Оның пікірінше, үздіксіз скроллинг жасау миды тез ақпарат қабылдауға үйретіп, ұзақ мәтіндерге зейін қоюды қиындатады.

Америкалық психолог Jean Twenge жасаған зерттеулерде әлеуметтік желінікөп қолданатын жасөспірімдерде депрессия, мазасыздық және ұйқы бұзылуы жиі кездесетіні дәлелденген. Күніне 5 сағаттан артық әлеуметтік желі қолданатын жасөспірімдерде депрессиялық белгілер екі есе жиі байқалады. Бұл әсіресе 13–17 жас аралығындағы жастар арасында айқын көрінеді.

Қазақстандағы статистикаға сүйенсек, жастардың басым бөлігі әлеуметтік желіде күн сайын 3–5 сағат уақыт өткізеді. Бұл ұзақ уақыттық экран алдында болу психологиялық стресс пен эмоционалды қиындықтарды арттыруы мүмкін.
Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік желідегі уақытты бақылаусыз өткізу жастарда психикалық денсаулық мәселелерінің пайда болу қаупін едәуір арттырады.

Әлеуметтік желілер алғашында тек байланыс құралы ретінде пайдаланылғанымен, қазіргі таңда ол жастардың ойлау жүйесіне, мінез-құлқына және өмірлік ұстанымына әсер ететін құралға айналды.

Зерттеулерге сүйенсек, YouTube пайдаланушыларының 93 % күніне платформаны қолданса, TikTok және Instagram күнделікті пайдаланушылар саны да аз емес.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде көрсетілетін «мінсіз өмір» бейнесі жастарды өзін басқалармен салыстыруға итермелейді. Бұл өз кезегінде өзін төмен бағалау, депрессия мен мазасыздық секілді проблемаларға әкелуі мүмкін.

Әлеуметтік желі тәуелділігі мен кибербуллингке ұшырау ықтималдығы арасында статистикалық байланыс бар екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сонымен бірге, әлеуметтік желілердің пайдалы тұстары да бар. Жастар білім беру арналарына жазылып, жаңа дағдыларды меңгере алады.
Кейбір жас кәсіпкерлер өз брендін дәл осы платформалар арқылы танытып, өз ісін бастады. Мысалы, Қазақстанда бірнеше жас дизайнерлер мен блогерлер

Instagram арқылы өз шығармашылықтарын танытып, шағын бизнесін дамытып жүр. Бұл әлеуметтік желінің дамуға және кәсіпкерлікке мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасөспірімдерге экран алдында өткізетін уақытты шектеуді ұсынады: күніне 2 сағаттан артық уақытты ойын-сауық мақсатында онлайн өткізбеу психикалық және физикалық денсаулықты сақтауға көмектеседі. Ал мектептер мен ата-аналар жастарға уақытты дұрыс басқаруды үйретсе, әлеуметтік желі психологиялық қауіп емес, білім мен дамуға бағыттайтын құралға айналады.

Зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік желіде әртүрлі білім беру контентін қарау жасөспірімдердің ойлау қабілетін, логикалық және сыни тұрғыдан талдау жасау қабілеттерін дамытады. Мысалы, YouTube-тағы ғылыми және техникалық видеолар, онлайн курстар, DIY жобалары жасөспірімдердің шығармашылық және практикалық дағдыларын жақсартады. Сонымен қатар, онлайн платформалар арқылы түрлі пікірталастарға қатысу, қоғамдық жобаларға жазылу жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырады.

Алайда, әлеуметтік желідегі ақпаратты дұрыс бағаламау қауіпті. Фейк жаңалықтар, жалған аккаунттар және «мінсіз өмір» бейнесі жасөспірімдердің психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, ата-аналар мен мұғалімдер жастарға ақпаратты сыни тұрғыдан қарауды үйретуі тиіс. Бұл да жастардың әлеуметтік желіні саналы пайдалануына көмектеседі.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіні шектеусіз қолдану физикалық денсаулыққа да әсер етеді: ұзақ уақыт экран алдында отыру көру қабілетіне, ұйқыға және омыртқаға кері әсер етеді. Жасөспірімдердің спортпен айналысуына, таза ауада серуендеуіне көңіл бөлу қажет. Бұл психологиялық теңгерімді сақтау үшін өте маңызды.

Сондықтан мәселе әлеуметтік желінің өзінде емес, оны пайдалану мәдениетінде жатыр. Егер жасөспірім уақытын дұрыс жоспарлап, виртуалды және шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтай алса, әлеуметтік желі зиян емес, керісінше мүмкіндік көзіне айналады. Ең бастысы – саналы таңдау жасау және экран алдындағы уақытты бақылау.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу