Эсселер ✍️
Білім сапасы мен цифрландыру: экран артындағы шынайы өзгеріс
Бүгінде бір ғана смартфон әлемнің ең ірі кітапханасынан да көп ақпаратты ұсына алады. Ал бір батырмамен ашылған онлайн сабақ тұтас сыныптың тағдырын өзгертуі мүмкін. Цифрландыру дәуірінде білім беру жүйесі түбегейлі трансформацияға ұшырап отыр, бірақ бұл өзгеріс сапаны шынымен арттырып жатыр ма, әлде жаңа тәуелділік қалыптастырып жатыр ма?
XXI ғасырда білім беру саласы технологиялық серпілістің ортасына айналды. Онлайн платформалар, жасанды интеллект, электронды журналдар мен сандық ресурстар оқу процесінің ажырамас бөлігі болды. UNESCO деректеріне сәйкес, цифрлық білім беру трансформациясы сапалы әрі тең қолжетімді білім беруді қамтамасыз етудің маңызды бағыты ретінде қарастырылады (UNESCO Digital Education бастамасы). Алайда цифрландыру тек құрал емес, ол – білім мазмұны мен әдістемесін қайта қарауды талап ететін терең әлеуметтік өзгеріс.Сандық технологиялардың басты артықшылығы – білімге қолжетімділікті кеңейтуі. Әсіресе пандемия кезеңінде бұл айқын байқалды. UNESCO мәліметі бойынша, 2020 жылы әлем бойынша 1,6 миллиардтан астам оқушы дәстүрлі оқу формасынан уақытша шеттетілді. Осы кезде онлайн платформалар білім беру үдерісін жалғастырудың негізгі тетігіне айналды. Бұл тәжірибе цифрландырудың баламасыз құрал екенін көрсетті.Қазақстанда да мұндай инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жобалар іске асырылды. Электронды күнделік жүйелері, қашықтан оқыту платформалары, цифрлық контенттер кеңінен енгізілді. UNESCO Almaty кеңсесінің Instagram парақшасында мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған тренингтер, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу бойынша семинарлар туралы ақпараттар жарияланып келеді. Бұл бастамалар аймақта білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын көрсетеді.Алайда ақпараттандырудың сапаға әсері біржақты емес. Біріншіден, техникалық теңсіздік мәселесі бар. Интернет жылдамдығы мен құрылғыларға қолжетімділік өңірлер арасында әркелкі. Бұл білім нәтижесінде айырмашылық туғызады. Екіншіден, ақпараттың шексіздігі оқушының терең талдау жасау қабілетін әлсіретуі мүмкін. Дайын жауапқа оңай қол жеткізу ізденісті азайтады. Үшіншіден, экран алдында ұзақ отыру денсаулыққа және әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларына әсер етеді.Сонымен қатар бұл мәселе педагог рөлін де өзгертті. Мұғалім енді тек білім беруші емес, бағыттаушы, модератор, ақпарат сүзгілері арасында жол көрсетуші тұлғаға айналды. Егер мұғалімнің цифрлық құзыреттілігі жеткіліксіз болса, ең заманауи платформа да сапалы нәтиже бермейді. Сондықтан UNESCO ұсынғандай, цифрлық трансформация ең алдымен кадрлық әлеуетті нығайтудан басталуы тиіс.
Сандық технология – мақсат емес, құрал. Ол білім сапасын автоматты түрде арттырмайды. Сапа мазмұн, әдістеме және адами фактор арқылы қалыптасады. Егер технология педагогикалық мақсатпен ұштасса, онда ол оқыту тиімділігін арттырады. Ал егер цифрландыру тек есеп үшін немесе сыртқы көрініс үшін енгізілсе, онда ол формализмге айналуы мүмкін.
Меніңше, білім беру жүйесінде тепе-теңдік маңызды: дәстүрлі құндылықтар мен заманауи технологиялар үйлесуі керек. Кітап оқу мәдениеті, пікірталас, тірі қарым-қатынас цифрлық ресурстармен қатар жүруі тиіс. Себебі сапалы білім – тек ақпарат көлемі емес, ойлау тереңдігі.
Цифрлық құралдар адамды алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтуі тиіс. Егер цифрландыру адам капиталының дамуына қызмет етсе ғана, ол шынайы сапаға жол ашады.Қорытындылай келе, цифрландырудың сапасын арттыру үшін:оқу мазмұнын сапалы цифрлық форматқа бейімдеу,цифрлық қауіпсіздік пен ақпараттық мәдениет қалыптастыру сияқты қажеттіліктерді дамыту қажет деп есептеймін.
Пайдаланылған дереккөздер:
UNESCO-ның Digital Education парақшасы, Халықаралық цифрлы оқыту күні туралы ақпарат,UNESCO Instagram парақшаларындағы білім беру жобалары.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇