13.02.2026
  21


XXV Қысқы Олимпиадаға шолу - Қазақстан құрамасы алтын ала ала ма?

XXV Қысқы Олимпиада 2026 жылы Италияда, Милан және Кортино-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатыр. Бұл – қысқы спорт түрлері бойынша әлемдегі ең ірі дода. Олимпиадаға 93-тен астам елден 3 500-ден аса спортшы қатысып, 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жарыстар 2026 жылдың 6 ақпанында басталып, 22 ақпанға дейін жалғасады.
Қазақстан бұл Олимпиадаға 36 спортшыдан құралған құрамамен келді. Олар 10 түрлі спорт түрінен ел намысын қорғап жатыр. Құраманың негізгі бөлігі биатлон, фристайл, мәнерлеп сырғанау, жылдам сырғанау, шорт-трек, әлпине шаңғы және кросс-кантри секілді бағыттарда сынға түсуде.
Биатлонда Қазақстан атынан Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Милана Генева және Айша Ракишева өнер көрсетті. Бұл спорт түрі жоғары физикалық дайындық пен дәлдікті талап етеді. Фристайлда, соның ішінде могул мен әуе секіру дисциплиналарында Шерзод Хаширбаев, Асылхан Ассан, Роман Иванов, Дінмұхаммед Райымқұлов, Аяна Жолдас, сондай-ақ Павел Колмаков, Анастасия Городко, Юлия Галишева және Аяулым Әмренова бақ сынады.
Әлпине шаңғыдан Ростислав Хохлов пен Александра Скороходова жарыс жолына шықты, ал кросс-кантриде Нәіл Башмақов пен Виталий Пухкало және басқа спортшылар ел атынан қатысты. Мәнерлеп сырғанауда Қазақстанның басты үміті – Михайл Шайдоров мен София Самоделкина. Жылдам сырғанау мен шорт-тректе Евгений Кошкин, Надежда Морозова, Абзал Әжғалиұлы, Денис Никша, Яна Хан және Ольга Тихонова өнер көрсетті.


13 ақпан 2026 жылғы жағдай бойынша Қазақстан құрамасы әзірге медаль иеленген жоқ. Соған қарамастан бірқатар спортшылар жоғары нәтижелерге жақындады. Мәнерлеп сырғанауда Михаил Шайдоров 5-орын алып, жүлдеге өте жақын болды. Жылдам сырғанауда Надежда Морозова 10-орынға тұрақтады. Фристайл-могулда Павел Колмаков 16-орын алды. Әлпине шаңғыда Александра Скороходова супер-G жарысында 25-орынға ие болды. Кросс-кантри мен биатлонда қазақстандық спортшылар ортаңғы орындарды иеленді.


Қазақстан қысқы Олимпиадалар тарихында барлығы 8 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 1 алтын, 3 күміс және 4 қола бар. 2026 жылғы Олимпиадада әзірге алтын медаль бұйырмаса да, мүмкіндік әлі сақталуда. Әсіресе мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және жылдам сырғанау спорт түрлерінде қазақстандық спортшылардың әлеуеті жоғары деп бағаланады.


Қорытындылай келе, Қазақстан құрамасы XXV Қысқы Олимпиадада әзірге медаль алмағанымен, бірнеше спортшы топ-10 нәтижелер көрсетіп, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Алдағы жарыстарда жағдай өзгеруі мүмкін. Сондықтан «Қазақстан құрамасы алтын ала ала ма?» деген сұраққа нақты жауапты Олимпиаданың соңғы күндері ғана береді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу